405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Автобустар мен көлік қатынасы кей өңірде толыққанды іске қосылмайды

  • 139
  • UPD: 21:13, 29.05.2020

Бірінші маусымнан бастап ел аумағындағы блок-бекеттер алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бесінші маусымда жолаушы тасымалдайтын қалааралық автобустар жұмысы жанданады.

Дегенмен автобустар мен көлік қатынасы кей өңірде толыққанды іске қосылмайды. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты блок-бекеттер жабық күйінде қалуы мүмкін.

1 маусымда, яғни алдағы дүйсенбі күні аймақтардағы блок-бекеттер алынады. Ведомствоаралалық комиссия осындай шешім шығарды. Алайда өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай ескерусіз қалмайды. Оны әр аймақтың басшылығы жеке қадағалауы тиіс. 

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Бірінші маусымнан бастап әрбір аймаққа, ауылға жол қатынасын ашуға рұқсат берейін деп жатырмыз. Облыстың ішіндегі әрбір ауданмен қатынастың бәрін облыс әкімдері өздері сол жердегі бас санитарлық дәрігерлермен бірге қарастырып, шешімді бірге қабылдайсыздар.

Бірінші маусымнан бастап ел ішіндегі пойыз қатынасы кезең-кезеңмен іске қосылады. Естеріңізге сала кетейік, 15 мамырдан бастап жолаушылар билеті сатыла бастаған еді. Бүгінге дейін 293 мың жолаушы билет алып үлгерді. 54 бағыттағы пойыздың алғашқы легі маусымның бірінен бастап жолға шығады.

Жәнібек Тайжанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті төрағасының орынбасары:

– Екінші кезеңде, маусымның 10-нан бастап, 39 бағыт бойынша жолаушылар пойыз іске қосылады. Оның ішінде 6 тальго, 14 стандартты пойыз және 19 қала маңы қатынасын қамтитын пойыздар бар.

Үшінші кезеңде шекарадағы шектеулердің жеңілдеуіне қарай, мемлекетаралық теміржол қатынасы іске қосылады. Жоспар бойынша Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын теміржолға 15 пойыз шығарылады.

Сонымен бірге, халықаралық әуе қатынастары да қайта жанданатыны мәлім болды. Жақында Қытайға, Оңтүстік Кореяға және Әзербайжанға ұшуға рұқсат берілуі мүмкін.   

Талғат Ластаев, азаматтық авиация комитетінің басшысы:

– Эпидемиялық қауіпсіздігіне байланысты, Түркия, БАӘ, Германия, Таиланд және Чехия қарастырылады. Тағы да бөлек айтып кететін мәселе, аталған рейстер ертеңнен бастап ашылмайды. Және тек қана эпидемиялық жағдайға байланысты барлық инстациялармен келісу біткеннен кейін басталады.

Жиында санитарлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілді. Вирустың таралуын болдырмас үшін, тиісті талаптар қатаң сақталуы тиіс, деді көліктегі бас санитар.

Садуақас Байғабылов, ҚР көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер:

– Билеті барлар ғана міндетті түрде маскасын тағып, вокзалға кіре алады. Адамдар арасындағы қашықтық, вокзал ішінде де, вагон ішінде де сақталуы тиіс. Дезинфекциялық жұмыс жиі жүргізу қадағаланады. Сондай-ақ барлық жерде санитайзерлер қойылады.

Бұдан бөлек, автобус, теміржол сапаржайларында тамақ пен қажет заттардың саудасы санитарлық тұрғыда қатаң бақылауға алынады. Мамандар пойыз билетінің құны қалпынша қалады деп сендіріп отыр.

Хабар 24 телеарнасы