412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында жыл басынан бері 138 адамға 300 млн теңгенің несиесі берілген

  • 221
  • UPD: 21:11, 29.05.2020

Бұл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір тұрғындарының дені қаржыны мал шаруашылығын дамыту үшін алған. Жаңадан кәсіп ашқан немесе бизнесін одан әрі дамытып жатқандар да аз емес.

Бұл Қызылорда қаласындағы құрама жем өндіретін цех. Тәулігіне 4-5 тонна мал азығын дайындайды. Өндіріс орнының егесі «Еңбек» бағдарламасы арқылы цех өнімділігін арттырған. Яғни «Ауыл шаршуашылығын қаржылай қолдау» қорынан 6 проценттік үстемемен 5 жылға 6 миллион теңге несие рәсімдеп, қажетті құрылғылар сатып алды.

Ризван Эльжурхаев, құрама жем дайындау цехының атқарушы директоры:

– Бұл қаржыға біз құрама жем дайындауға арналған майдалау, ұнтақтау аппараттарын және күріш ақтау құрылғысын сатып алдық. Бүгінде бұл цехта 2 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Енді алдағы жоспарым – күріш өндіру ісін жолға қойсам деймін.

Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы тек ауыл шаруашылығы бағытында ғана емес, жаңадан шағын кәсіп ашамын немесе бизнесімді дамытамын деген кәсіпкерлерге де қаржылай қолдау көрсетіледі. Бағдарламаға қатысушылар құрылыс материалдарына қарамастан тұрғын үй, ғимарат, тіпті түрлі техникаларын да кепілге қоя алады.

Мұхтар Әлімханұлы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының директоры:

– «Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 4 млн теңгеге дейін алуға болады. Кәсіпкерлік саласын дамытуға 6 млн теңгеге дейін алуға болады. Мал шаруашылығына алатын болса 6,5 жылға дейін ала алады. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 5 жылға дейін алады. 6 пайызбен беріледі. 

Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының Қызылорда облыстық филиалы 138 өтініш иесіне 300 миллион теңге жеңіл пайызды несие берген. Ал биылғы жоспар бойынша бұл мақсатқа 1 миллиард 862 миллион теңге бөлініпті. Демек жыл соңына дейін айтуылы бағдарламаның игілігін көргендер қатар көбейетіні белгілі. Ең бастысы – ондаған жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы