429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде жол бойындағы теректерді отауға тұрғындар қарсы шықты

  • 636
  • UPD: 21:18, 29.05.2020

Талай жылдан бері жайқалып өсіп тұрған ағаштарды жұмысшылар кесе бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сұраған жұртқа даңғылды кеңейтеміз деп қысқа жауап қайырыпты. Енді көше бойындағы тұрғындар қайтсек тал теректі аман алып қаламыз деп жанталасып жатыр.

Тамырына балта шабылып жатқан теректерді қызғыштай қорып жүргендердің бірі – Наталья Викулина. Зейнеткер бала кезімнен көз алдымда өскен жасыл желектердің оталып жатқанына жүрегім шыдар емес дейді.

Ағаштардың кесілетіні жайлы бұл маңдағы жұртпен ақылдасқан жан болмапты. Құрылыс лезде басталып кеткен.

Наталья Викулина, үй тұрғыны:

– Бұл теректердің орнына жас көшеттер отырғызылады деп жұбатып қояды. Алайда олар өскенше 15-20 жыл өтеді емес пе?! Ал бізге таза ауа бүгін және қазір керек. Осы күнге дейін 8 түп ағашты кесіп тастады. Соның өзінде бүкіл көшедегі шаң үйге кіріп, талдың жоқтығы бірден байқалды. Сондықтан кесілуіне қарсымыз.

Шағын көшелердегі көлік қозғалысын реттеудің жалғыз амалы осы дейді мамандар. Өткен жылы даңғылдың бас жағындағы бір жолақты бөлігі екі жолақққа айналған еді. Биыл сол жұмыс жалғасып, қалған бөліктері кеңейтілмек.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

– Кеңейтудің құрбаны боп тұрған сол теректер, ол жерде 63 терек бар, оның барлығы толық алынады.Оның орнына он есе артық ағаш отырғызамыз.

Әкімдік отырғызып жатқан көшеттер осы. Қазірдің өзінде сарғайып,солып барады. Өйткені суарып баптап жүрген ешкім жоқ. Ең сорақысы сол, шырша өскіндері жылу жүйесі құбыры өтіп жатқан жерге егіліпті.

Ирина Мелехина, үй тұрғыны:

– Бұл жерден қандай желілер өтетіні туралы жоспарды көрдіңіздер ме десем, ешкім үндемейді. Мен осы үйде тұрғандықтан, дәл осы жерден жылу жүйесі өтіп жатқанына сенімдімін. Сондықтан кейін бір ақау шыға қалса, осы егілген талдың барлығын тамырымен қопаруға тура келеді.

Экологтардың айтуынша, терек – нағыз оттегі фабрикасы. Мәселен, бірнеше түп қарағайдан бөлінетін оттегін бір терек оп оңай бөліп шығарады екен. Яғни ағаштардың ішіндегі төресі көрінеді.

Мынадай қарағай жылына 50-60 см-ге ғана өседі екен. Ал ол уақытта терек жақсы суарылып, күтім көрсе 2-3 метрге дейін бойлап, жапырағын жайып, ауаны тазартуға үлес қосып жатады. «Теректің пайдасы ерек» деген осы болса керек.

Агроном Глеб Полботовтың айтуынша, соңғы уақытта қалаға бұталы өсімдіктер егілмей жатыр. Көгалдандыруға көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ.

Глеб Полботов, агроном:

– Әрбір шаһарда мелиорация бойынша маман болуы керек. Ол көгалдандыру жұмыстарына мән беруі тиіс. Біздің қаламызда бұталы өсімдіктер егілмегелі қашан. Есесіне міне шаң тозаң басып тұр. Ал мына теректер алынса, тіпті демалу мүмкін болмай қалады.

Наразылардың бірі Любовь Пяткова жолды осылай кеңейту ақылға сыймайды дейді. Өйткені даңғылдың құрылысы оған мүмкіндік бермейді. Сондықтан сәулетші басқа нұсқаны ұсынады.

Любовь Пяткова, дизайнер сәулетші:

– Қазір жарайды теректерді отап, кеңейтіп жатыр.Ал кейін не істемек. Даңғыл шеті тура ғимараттарға тіреледі ғой. Оларды бұза алмайды. Біздіңше, мына трамвай рельстерін жөндеп, соны жүру жолы ретінде пайдалану керек. Ол заңға қайшы емес. Бірақ бұған ешкім құлақ аспай жатыр.

Енді белсенділер наразылардың бәрінен қол жинап, мәселені қоғамдық ұйымдар назарына ұсынамыз деп отыр.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы