418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Іле-Алатауы паркін жалға алған кәсіпкер өз жоспарымен бөлісті

  • 208
  • UPD: 22:08, 29.05.2020

Іле-Алатауы паркіндегі жердің жалға берілгені жөніндегі ақпарат қоғамда қызу талқылануда. Бұған дейін еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі паркте туризмді дамытудың кешенді жоспарын ұсынған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін министр орынбасары Ерлан Нысанбаев көпшілікпен табиғат аясында жүздесіп, талайларды дүдамал ойға жетелеген істің мән-жайын айтып берді.

Алмас Садуақас, тілші:

– Алмарасанның ауасы саф, суы кәусар, табиғатына қанша қарасаң да көз тоймайды. Инвесторлар игіліне осындай жерлер жалға берілгенде, бірде бір тал шабылмай, өзен сулары ластанбауы керек. Туризм мен кәсіпкерлікті дамыту жақсы әрине. Бірақ оның дамуы экологияға ешқандай нұқсан келтірмеуі тиіс.

Жалпы ұлттық парк аумағында 123 кәсіпкерлік нысан бар. Бірақ экологиялық заң талаптары мен табиғатты қорғау кодексін бұзғаны үшін 40 нысан парк меншігіне қайтарылды. Олар негізінен көпшілік демалатын орындар – қонақ үйлер мен дәмханалар. Ал 49 жылға 40 гектар жерді жалға алған кәсіпкер – Қазақстан азаматы. Ұлттық парктегі туристік инфрақұрылымды дамыту жобасы бойынша Үлкен Алматы Көлінде, Алма-Арасан, Аюсай, Түрген, Мұзтау және Маралсай шатқалдарында 35 туристік нысан салуды жоспарлайды. 

Александр Гужавин, инвестор:

– Аюсай аумағында қар барысына арналған экспозиция жасап, тамақтану орындарын ашамыз. Қызықты саяхат пен тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Әзірге паркпен арадағы алдын ала келісім 4 жылға бекітілді. Қоршаған ортаны ластамау үшін кешенді шараларды қолданамыз.

Демалыс орындарына баратындар үшін 2 мың көлік сиятын автотұрақтың жобасы бар. Ол ұлттық парк аумағынан тыс жерде болады. Инвесторға берілген жер аумағында 155 шақырым жол-соқпағы тазаланып, жаяу жүруге ыңғайлы болуы керек. Медициналық пунктер, санитарлық бекеттер мен көпірлер салу үшін жаңадан жұмыс орындары ашылады. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

– Ол жылдың аяғына таман жыл сайын өкіметтік қазынаға 1 млрд 200 млн дай ақша түседі деп болжап отырмыз. Одан тыс бізде екі түрлі төлемақы бар. Біреуі міндетті экологиялық салық. Бірінші 0,1 МРП, екіншісі күнделікті парктің осында істейтін тіршілігі. Бұл жалпы ұлттық парктің дамуына да, экономикаға да өз үлесін қосады деп сенімдімін.

Ал табиғат жанашырлары демалыс орындарына көліктердің жиі кіруіне қарсы. Өйткені көліктен шығатын улы түтін сирек кездесетін өсімдіктерге залал келтіріп, ауаны ластайды. Ең алдымен осы мәселе қатаң қадағалануы керектігін айтады.

Тимур Елеусізов, «Табиғат» қоғамдық қоры басшысының орынбасары:

– Жобаның құптарлық тұстары бар. Ағаштардың кесілмеуіне уәде берді. Көлік қозғалысын реттейтіндерін айтып, алдын ала квоталық жүйені қолдануды ұсынды. Яғни паркке көлік аз келеді деген сөз.

Жобаға 14 млрд теңге салуды көздеген кәсіпкер «Аюсай» шатқалында таудағы табиғат туралы мол мағлұмат алатын ақпараттық орталық салуды да жоспарлаған. Ал ірі кәсіпкерлік және туристік нысандардың құрылысы парк жанындағы үйлестіру кеңесінің талқылауынан кейін ғана басталады. Сондай-ақ Алма-Арасан сынды демалыс орындарына кіру бағасы ұлттық парк бақылауында болады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы