427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кентаудың өткені мен бүгіні

  • 552
  • UPD: 23:52, 29.05.2020

Соңғы екі жылда Кентау қаласы тұрғындарының саны 120 мыңға көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық санының өсуіне индустрияландыру мен жергілікті инфрақұрылымның дамуы әсер етті. Өткен ғасырдың соңында Кентау қаласы тоқырауға ұшыраған еді. Қазір шаһардың екінші тынысы ашылып, даму жолына түскен. 

Өркенді өндіріс, жаңа жұмыс орындары мен қарқынды құрылыс. 20-ғасырдың ортасында Кентау қаласының тіршілігі дәл осындай болды. Сол сәтте шаһарда екі өнеркәсіп ошағы мен экскаваторлық зауыт жұмыс істеп тұрды. Бірақ уақыт өте келе тұрғындар көшіп кете берген. Еңбек күшін қайта тарту үшін ондаған жылдар керек екені айтпаса да түсінікті.

Серік Мырзахметов, экскаватор зауытының ардагері:

– Қаламыз гүлденіп келеді. Қуаныштымыз. Бұрынғымен салыстыруға келмес, әрине. Кентау қаласы өндірісі дамыған, тірлігі келісті шаһарға айналатынына сенімдімін.

Экскаватор өндірісі сол беті жаңғырған жоқ. Ал трансформаторлық зауыт жұмысын жалғастыруда. Бүгінде бұл зауыт еліміздегі ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Бұл ошақта бір жылда 28 млрд теңгенің өнімі шығарылады. Сапалы өнімнің тең жартысы әлемнің 14 еліне экспортталады.

Хайролла Қожабаев, трансформаторлық зауыттың басқарма төрағасы:

- Өзіміздің қызметкерлерімізге соңғы 10 жылда 248 үй берілді. Енді биыл 40 пәтерлі 5 қабатты үй салып жатырмыз. Оны биыл қыркүйек айында береміз деп отырмыз. Одан кейін қосымша тағы да 500 орындық жатақхана салып жатырмыз. Ол біздің жас мамандарға беріледі.

Зауытта 1200-ден астам маман еңбек етеді. Олардың барлығы – қала тұрғындары. Кәсіпорында маман тапшылығына жол бермеу үшін кадрлық қор әзірлеу басты назарға алынған. Өндіріс жанынан кәсіби колледж құрылған. Студенттер дуалды білім беру жүйесі бойынша оқып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие.

Марат Аманжолов, зауыт қызметкері:

– Мен зауытқа жұмысқа орналасқан сәтте 700 адамдай еңбек етті. Ал қазіргі уақытта ұжымымыз 1300-ге жетті. Сол сәтте зауытта небәрі екі цех болатын. Ал қазір 10 құрылым бар. Кәсіпорын жыл сайын кеңейіп, дамып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Жергілікті биліктің мақсаты – Кентау қаласын өндірістік орталыққа айналдыру. Ол үшін индустриалды аймақ құрылды.

Бекайдар Әлімбетов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

– Индустриалды аймақ бойынша бізде 25 гектар. Оның ішінде 4,5 гектары инфрақұрылым болса, қалғаны жобаларды жүзеге асыруға дайындағанбыз. Осы күнге дейін үш жоба дайындап жатырмыз, 180 миллионға. 45 жұмыс орны ашылады.

Сегіз жыл бұрын Кентау шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қолдау тапты. Өндірісті шаһар мемлекет тарапынан 5 млрд теңгенің қолдауын алды. Қаржы мөлтек аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Бүгінде Кентауда тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделуде. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы игі іс.

Авторлары: Рауль Ғабитов, Ақмарал Есімханова және Ерболат Әбішев

Хабар 24 телеарнасы