405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы үш ауылда өрт сөндіру бекеті ашылды

  • 128
  • UPD: 18:08, 30.05.2020

Батыс өңірде жаз айларында өрт жиілеп, жайылымдардың жауына айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын қызыл жалын он мыңдаған гектар даланы шапиды. Әсіресе, шалғай ауылдарда жағдай қиындайды. Онда өрт сөндірушілер жетуі мұң

Осы жағдайды оңалту үшін былтыр 6 ауылда өрт сөндіру бекеттері ашылған. Биыл тағы 9 елді мекенде осындай қосындар құру көзделген.

Апат айтып келмейді. «Бір орманның кетуіне өртеніп, жетіп жатыр сіріңкенің бір басы», – деп қазақтың Қадыры жырлағандай, өрттің шығу себептері көп. Ескі техникадан шыққан ұшқын да, бөтелкенің сынығы да, демалушылардың абайсыздығы да қураған шөптің қаулай жануына себепші. Әдетте оны сөндіруге бірінші боп еріктілер жұмылады. Бөрлі ауданы Ақсу ауылының тұрғыны Серік Опиев талай рет басын қатерге тігіпті. 

Серік Опиев, ерікті өрт сөндіруші:

– 8 жігіттей бармыз, еріктілер осында. Өрт сөндіргенде үнемі боламыз.  Былтыр Ақбұлақ жақта өрт болды. Соған бардық. Үш күн жүрдік.

Енді еріктілерге түсер ауыртпалық азайды. Ауылда өрт сөндіру бекеті ашылды. Ақсумен қатар Бөрлі ауданының Киров және Успен ауылдарында да өрт сөндірушілер қосыны құрылыпты. Бұл мақсатқа аудан бюджетінен 45 млн теңге қаралған.

Миржан Сатқанов, Бөрлі ауданының әкімі:

– Талабымыз  әрбір ауылда елдің азаматтарын жұмысқа алу. Қазіргі таңда 18-ден астам осы елдің азаматтары жұмысқа алынды. Сонымен қатар қыстық уақытта да адамдарды құтқару уақытында осы міндет жігіттердің мойнына түсіп отыр. Абыроймен қажетті жұмыстарды атқарады деген үміттеміз.

Ауылда ашылған бекетке жұмысқа орналасқанның бірі,  Мұса Ақашев. Енді ол өрт сөндірушілерді оқиға орнына жедел жеткізбек.

Мұса Ақашев, жүргізуші:

– Қуаныштымыз. Бәрімізді де құттықтап жатыр. Бәріне жұмыс табылып жатыр.

Өрт сөндірушілер ірі елді мекендер мен қаладағы оқыс оқиғаларға ғана жауапты. Ал дала өрттерін өшіру, өрт сөндіру бекеттерін ашу жергілікті атқарушы биліктің міндеті екені «Азаматтық қорғаныс туралы» заңда тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ бюджет тапшылығын сылтауратып, көп жерде бұл жұмыстар кенжелеп қалған-тұғын. Енді осы олқылықтың орны тола бастады. Былтыр 6, биыл 4 елді мекенде бекеттер ашылса, жыл соңына дейін тағы төртеуі жұмысын бастамақ.

Жасұлан Жұмашев, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

– Біздерде елді мекендер 400-ден астам. Оның барлығына өрт сөндіру мемлекеттік қызметінің бөлімдерін ашу қымбат. Сондықтан осындай «Өрт сөндіруші» АҚ филиалы аудан әкімшіліктерінің бюджетінен қаржы шығарып, бекеттер ашып жатыр. Ол бекеттер жалғыз өрт сөндірмейді. Олар қыс кезеңінде ауылдың қарын, қыста қалып қойған техниканы шығарады.

Келешекте кем дегенде 120 ауылда осындай өрт сөндіру бекеттерін құру көзделген. Оларды ашуға жұмсалар қаржы тілсіз жаудың экономикаға тигізер зардабынан жүздеген есе аз, дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы