410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылықтарға судағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

  • 133
  • UPD: 18:09, 30.05.2020

Қарағандылық төтенше жағдайлар мамандарын алдағы аптап кезінде судағы қауіпсіздік мәселесі алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталады. Алайда қазірдің өзінде жағалауда ересектерді айтпағанда,  ата-ана қарауынсыз жүрген балдырғандар көп. Олардың бірсыпырасы бүгін арнайы рейд кезінде біздің әріптестердің де назарына түсті.

Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметі жасағының жұмысы демалыс күндері қызып тұр. Себебі облыста ресми шомылуға тыйым салынған 300-ге жуық арна бар. Аптап ыстықта көлге ағылған жұрт қауіпсіздікті ысырып тастап, сол тыйым салынған жерлерге келеді. Мамандар түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескертпе қағазын таратқанымен, келушілердің өз пікірі бар. 

Негізі облыс бойынша шомылуға жасақталған 83 жағажай бар. Ол жерде қайғылы жағдайдың болу қаупі де едәуір төмен. Мамандар кісі өлімінің 80 проценті осындай қараусыз жерлерде болады дейді. Сондықтан рейдке полицейлер де тартылып, белгіні елемегендерге хаттама толтырып береді.

Азамат Болатов, Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

– Бірінші рет ескерту жасаймыз. Екінші рет болса, 7 АЕК айыппұл салынады. Бүгінгі шара барысында тек ескерту хаттамаларын толтырып бердік.

Еске салсақ, өткен жылы Қарағанды облысында 18 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның 4-і кәмелет жасына толмаған бала. Биыл мұндай қайғылы статистика тағы да қайталанбас үшін мамандар 150-ден астам рейд және 900-ден астам патруль жүргізген. Десе де құтқарушылар тұрғындар бірінші кезекте өзінің және жақындарының амандығын ойлап, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтаса  дейді.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы