412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай өңіріне былтыр 265 жас дәрігер барды

  • 193
  • UPD: 22:11, 30.05.2020

Былтыр Қостанай өңіріне 265 жас дәрігер барды. Жоғары оқу орнын бітірген бұл мамандарға жергілікті билік баспана мен үстемеақы берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуантарлығы, облыстың шалғай ауылдарына қоныс тепкен жас кадрлар көп. Айталық, Қамысты ауданында медицина қызметкерлеріне деген тапшылық мүлдем жойылған. Енді мұндағы жұрт бірқатар дәрігерлік қызметті облыс орталығына бармай-ақ тұрғылықты жерінде алып жүр.        

Орталықтандырылған жылу, су желісі және бір жарым миллион теңге. Нұрым Оразақұлов Шымкент қаласынан Қамысты ауданына осындай шарттармен келген. Жас хирург адам жанына араша түсіп, соңғы 4 күнде 3  операция жасап үлгерді.

Нұрым Оразақұлов, хирург:

– Осы ауданда хирург болмаған. Мен келгеннен кейін операциялар жасалып жатыр. Күніне поликлиникаға 20 адамдай келеді. Шұғыл операциялар болады. Аппендицит, холлицестит. Мұның алдында қалаға жолдамамен жіберіліп отырған.

Аудандық аурухана былтыр 9 жас маманмен толықты. Оларға 15 млн теңге көтермеақы тағайындалды. Осы айда өзге өңірлерден келген медицина мамандары жалдамалы пәтерлерге жайғасады. 

Ермек Жұматаев, Қамысты аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Анестезиолог, хирург, гинеколог, бала емдейтін дәрігерлер керек. Соларды күтеміз. Мүмкін келетін кісілер болар. Солармен келісім шартқа отырамыз.

Емдеу мекемесі жылдан жылға озық құрылғылармен қамтылып келеді. Жарамдық мерзімі өтіп, ескіргендері кезең-кезеңімен жаңарып жатыр. Дәрігерлер жақында келетін УЗИ мен жүрек патологиясын анықтайтын құрылғыны күтіп отыр. Ал шалғайдағы ауылдар техникасынн ауыстыруға мән берген. Өткен аптада Алтынсарин ауылында жаңа «УАЗ» көлігі пайда болды.

Қазихан Имаханов , жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

– Енді ең ұзақ жүретін жерлеріміз мына жақында қызмет көрсететін ауылдарға барамыз. 100 шақырым. 200 шақырым ар жағында Дружба деген ауыл бар. Балаларды қарайды. Науқас адамдарды шақырады. Аудан орталығы осы арадан 73 шақырым ғой.

Облыс бойынша биыл жарты миллиард теңгеге 80 санитарлық көлік сатып алу көзделген. Техника негізінен ауыл мен аудандарда қызмет етеді.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы