410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 43 жоба іске асады

  • 140
  • UPD: 08:17, 31.05.2020

Ақтаулықтар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шарапатын көріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау өңірінің орталығында жыл соңына дейін жалпы құны 12,3 млрд теңгені құрайтын 43 жоба жүзеге асуы тиіс. Нәтижесінде үш жарым мың қала тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Қазірдің өзінде «Еңбек нарығы» базасында жұмыссыз ретінде тіркелген бір мыңға тарта адамға жолдама берілсе, оның 400-ге жуығы тұрақты табыс көзін тапқан.

Қала әкімдігінің ғимараты орын тепкен 4-шағын ауданда тротуар төсеу жұмыстары осыдан он күн басталды. Аталған ықшам ауданішілік жүргінші жолдарын қалпына келтіруге үш бригада жұмылған. Бес адамнан құралған бригаданың бірін Берік Тотаев басқарады. Қолы шапшаң жігіт өзіне бағыныштылармен бірдей қимылдап, олардың іс-әрекетін бағдарлап жүр. Айтуынша, әр жұмысшы айына 120, ал бригадир 150 мың теңге жалақы алады.

Берік Тотаев, бригадир:

- Тротуар жұмысы 6 мың шаршы метрлік. Сонымен қазір 400 шаршы метрін дайындап қойдық. Айлық жүріп жатыр, уақытында беріп тұрады.

Шағын аудандарды абаттандыру – «Жол картасында» көрсетілген негізгі төрт бағыттың бірі. Бұл ретте Ақтауда жеті жоба жүзеге асуы тиіс. Алтауы мөлтек аудандар ішін қалпына келтіруге, соңғысы көлік жолдары жиегіндегі көп қабатты үйлердің қасбетін сырлауға бағытталған. Бұл жобаларға қазынадан 4 млрдтан астам теңге бөлінді. Нәтижесінде бір жарым мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.  

Қайрат Ақыбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Атап айтар болсақ, 2,6,12,26 және 27-шағын аудандардың ішкі жолдары, жаяу жүргінші жолдары, балалар және спорт алаңдары толық ауыстырылатын болады. Қасбеттеріне қатысты болса, 177 көп қабатты тұрғын үй толығымен боялатын болады. Бұл жерде 19 шағын ауданды қамтиды. Бір шағын аудан шамамен 20 гектардан болатын болса, 400 гектардай аумақ қамтылатын болады.

Келесі бағыт әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізіп, жаңғыртуды көздейді. Бұл бағытта қаланың солтүстік бөлігінен  бір мектеп бой көтеріп, қолданыстағы 14 орта білім беру мекемесі мен 4 бөбекжай қалпына келтірілмек. 

Дастан Бегендіков, қала әкімінің орынбасары:

- Көптен бері өз шешімін таппай отырған Шығыс-1 шағын ауданында 300 орындық мектептің құрылысы және сол Шығыс-3-тің инженерлік желілері жоспарланып отыр. Және де бұл бағдарлама аясында үш жолды салу жоспарда бар. Одан бөлек 6 шағын ауданды абаттандыру жоспарланып отыр. 3500 адам жұмыспен қамтылып, айлығы 85 мыңнан 150-200 мыңға дейін болады.

Қаладағы театрлар, әлеуметтік, денсаулық сақтау және спорт нысандары мен 3 колледж ғимараты да биыл жөнделеді. Көлік жолдары мен инженерлік желілерді жаңғыртуға да жұмысшылар қажет. Бос орындар туралы мәліметпен enbek.gov.kz сайтының «Еңбек биржасы» айдарынан немесе «CZ-Aktau» мобильді қосымша арқылы танысып, түйіндеме қалдыруға болады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы