412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 160 мектеп қайта жаңартылады

  • 132
  • UPD: 15:45, 31.05.2020

Өңірдегі 556 мектептің 30 проценті қайта жаңартылады. Биыл осы мақсатта 15 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектептерді жөндеу жұмыстары жылда маусым айында басталатын болса, биыл құрылысшылар бұл жұмысқа тура бір ай бұрын кірісті. Аймақтағы білім ошақтарының көбі ескіргендіктен, биыл 29 нысан күрделі жөндеуден өткізілмек. Солардың бірі – ғимараты 1961 жылы салынған Есіл қаласының №1 орта мектебі. Мұнда мамандардың қалыпқа келтіру ісіне түбегейлі кіріскені соншалық, үш қабатты ғимараттың қазір тек қабырғасы қалған.

Марат Молдажанов, мердігер:

– Бір аптадан кейін терезе қоямыз. 34 адам жұмыс істеп жатыр. 20 тамызда бітіреміз деп отырмыз.

Инна Пристачук, мектеп директорының міндетін атқарушы:

– Мектептің барлық жері жаңартылады. Шатыры, жылу жүйесі, сырт келбеті, бәрі қалыпқа келтіріледі. Жарықтары ауыстырылады.

Ал облыс бойынша 89 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Олардың арасында сәуір айында дауылдың салдарынан шатыры қираған білім ошақтары да бар. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мектептерді барынша жаңартудың басқа да жолдарын қарастырылып жатыр.

Бейбіт Жүсіпов, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Конкурстың негізінде үнемдеу қаражаты пайда болды. Соған байланысты қазір шешім қабылданды. Облыс әкімінің шешімімен қосымша 36 білім ошағына 500 млннан артық теңге қосымша қаражат бөлініп отыр. Бұл ағымдағы жөндеу жұмыстары. Негізінен шатырлар мен ішкі жылу жүйесіне бағытталған.

Осылайша 160 білім ошағының ғимараты биыл жаңартылмақ. Одан бөлек, материалдық-техникалық базаны нығайту да қарастырылған. Мәселен, аудан, ауыл мектептеріне осы жылы 600 млн теңгеге 1200 дана компьютер сатып алынбақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы