405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда 3 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр

  • 161
  • UPD: 18:09, 31.05.2020

Еңбекпен қамтудың жол картасы екі қолға бір күрек тауып бергенмен, бұл мүмкіндікті пайдаланғандар 10 проценттен аспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үй салып, жол төсеу жұмыстарына ынталы жұрт аз. Олар айтатын басты уәж – жалақының аздығы.

Қостанай қаласының тұрғыны Шерхан бірнеше айдан бері екі қолға бір күрек іздеп жүр. Еңбекпен қамтудың жол картасы жайынан хабардар. Алайда ұсынылған жұмыстардың бірде-бірі көңілі жақпай қойды. Аты-жөнін атамауды, бет-жүзін көрсетпеуді өтінген кейіпкеріміз оның себебін былай деп  түсіндірді. 

Шерхан,  қала тұрғыны:

– Маған ұнамаған себебі – жалақсы өте аз. Екі балам бар. Әйелім декреттік демалыста. Несиелерім бар. Қазіргі кезде 85 мың теңге өте аз деп ойлаймын.

85 мың теңге – жол картасының шарты бойынша мемлекет белгілеген жалақының төменгі мөлшері. Бірақ оны шекті шегі деп қабылдауға болмайды дейді еңбекпен қамту орталығының мамандары. Және олардың айтуынша, бұл бағдарлама тұрақты жұмыс табудың бірден-бір амалы.  

Надежда Костенюк, қалалық еңбекпен қамту орталығының басшысы:

– Жалақы 85 мыңнан жоғары болуы мүмкін. Әрине ол жұмыс ауқымы, еңбек өнімділігіне байланысты. Жұмыс беруші оның бәрін ескере отырып, еңбекақы тағайындайды. Сондықтан құрылыс саласындағы айлық төмен деуге келмейді. 

Әйтсе де, орталыққа топырлап, жұмыс іздеп келіп жатқандарды байқамадық. Адам аяғы сирек. Оның мәнісін мұндағылар карантиндік шектеулермен түсіндіреді.

Надежда Костенюк, қалалық еңбекпен қамту орталығының басшысы:

– Карантин жеңілдетілгеннен кейін келушілер көбейді. Бүгіннің өзінде 20 адамның өтінішін қабылдап, жұмыс орындарына жолдама бердік. Телефон, әлеуметтік желі арқылы ақыл-кеңес беріс, тұсінік жұмыстарын жүргіземіз.

Алайда сол түсінік жұмыстары тұрғындарға жетпей жатқан сияқты.Қазіргі кезде слесарь, дәнекерлеуші, ағаш шебері,арнайы техника жүргізушісі сияқты мамандықтарға сұраныс зор. Жалпы Қостанай облысында Еңбекпен қамтудың жол картасы бойынша 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі кезде осы мемлекеттік бағдарлама арқасында 1594 адам екі қолға бір күрек тапты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы