418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылықтар саяси репрессия мен ашаршылық құрбандарын еске алды

  • 193
  • UPD: 21:05, 31.05.2020

Саяси репрессия мен ашаршылық құрбандарын қарағандылықтар да еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аймақтағы лагерьлер мен қуғын-сүргін құрбандарын күштеп ұстаған кешендер әлі де нәубетті жылдардың айғағындай болып тұр.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- Зарина Сафарова – нәубетті жылдары қазақ жеріне сонау түрік елінен айдалып келген ағайындардың ұрпағы. Бір-ақ күнде ата-бабасын жинап, белгісіз бағытқа алып кеткен деген естеліктер мәңгі санасында. Кейін білгендей, сол жылдары 120 мыңға жуық түрік, өзбек, қырғыз, қазақ жеріне депортацияланған. Сол кезде өздері де өлместің күнін көріп отырған қазақтар бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеп, түрік баласын бауырға басқан.

Зарина Сафарова, «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы филиалының өкілі

- Қазақ халқы түріктерге өте маңызды халық. Себебі, олар ата-анамыздай болды. Жерімен, үйімен бөлісіп, бірге өмір сүрді. Түрік халқы сол күндерді ұмытпайды. Біздің ата-бабамыз жоқ болса да, біз ұрпақтары сол күндерді білеміз.

Юрий Михуля қолы қалт етсе, қанды қасап кезінде қазақ жеріне жер аударылған тұтас халық туралы ақпарат іздейді. «ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға бір жарым миллионға жуық адам күшпен көшіріліп әкелінді», - дейді ол тарихқа сүйеніп. Олардың тақсыретті тағдырын біз жақсы білу керекпіз деп есептейді.

Юрий Михуля, Достық үйінің қызметкері:

- Әр түрлі зерттеу өткізген ғылымға жақын адамдар жиналып, сол адамдардың өмірі туралы сөз қозғалды. Осы шаралар жыл бойы өтсе дұрыс болар еді. Тек 31 мамырда ғана емес.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да шамамен 3 миллионнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 642 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді. Тек 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал, 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кеткен.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы