405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында спорт нысандары халыққа қолжетімді бола түспек

  • 113
  • UPD: 13:39, 01.06.2020

Бұқаралық спорт баршаға! Қостанай облысында биыл 14 спорт нысаны жаңа кейіпке енеді. Сонымен қатар екі ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бой көтереді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы бағытталады. Өңірде халыққа спорт түрлерінің қолжетімділігін нығайту мақсаты тұр.

Данияр Сұлтан, тілші:

- Араға тура 35 жыл салып Қамысты ауданы облыстық спартакиадамен қайта қауышудың алдында тұр. 1986 жылы дәл осы жерде аймақтық Кіші олимпиада ойындарының алауы тұтанған. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызып тұр. Нысанда спорттың 10-нан аса түрінен бәсеке көрігі қызады.

«Юность» стадионын қалпына келтіру жұмыстары сәуір айында басталған. Қазір ескі футбол алаңы атымен жоқ. Орнына қиыршық тас құйылып, ұзаққа шыдайтын заманауи жасанды шөп төселеді. Жаңа трибунаның да қаңқасы қаланған. Орындықтар санын 2500-ге ұлғайту көзделген.

Қуандық Салықов, Қамысты ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- 1985 жылдан бері стадион бір рет жөндеу көрді. Оның өзінде ағымдағы жұмыстар болатын. Енді биыл 540 миллион теңге бөлінді. Қаражат нысанды толығымен жаңартуға жетеді.

Стадионның жүгіру жолағында, бірнеше ойын алаңында тартан жабындысы пайда болады. Тұрғындарға жазда баскетбол, волейбол сияқты басқа спорт түрлері қолжетімді болса, қыста хоккей ойнауға мүмкіндік бар.

Виталий Белугин, Қамысты ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Нысан тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі. Сол кезден бастап аудан тұрғындары қалаған уақытта осында келе алады. Барлық отбасы мүшелеріне спортпен шұғылдануға жағдай жасалады.

Облыс бойынша қазір 35 стадион және 44 спорт кешені бар. Нысандардың 35 проценті жөндеуді талап етеді. Жаңадан тағы 3 кешен бой көтереді.

Виталий Бородин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 12 спорт нысаны жөнделеді. Оның екеуіне күрделі жаңартудан өтеді. Ал «Ауыл - ел бесігі» бойынша Қамысты және Алтынсарин ауданының орталық стадиондары қалпына келтіріледі. Бөлінген қаржы көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтайды.

Облыс бұқаралық спортты мықтап дамытуды мақсат етпек. Қазір 282 мың тұрғын салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл барлық тұрғындардың 32 процентіне тең.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы