412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Блок-бекеттерде қызмет еткен полицейлер марапатталды

  • 175
  • UPD: 20:52, 01.06.2020

Бүгін елдегі бақылау бекеттері алынды. Бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты кей аумақтарда бірлі-жарым бекеттер жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин жарияланған сәтте Ертіс өңірінде тоғыз блок-пост жұмысын бастады. Бүгін бекеттер ресми түрде жұмысын тоқатты. 61 күн ішінде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер қауымы борыштарын абыроймен атқарды.

Екі ай бойғы жұмыс кезінде дәрігерлер қауымына артылған жүктің салмағы ауыр болды. Медбикелер бекет арқылы өткен әр жүргізушінің дене температурасын тексеріп, тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Енді медбикелер жақындарының ортасына оралады.

Толкын Тленбекова, медбике:

– Үйде бала-шағамыз бар. Барлығы бізді тағатсыздана күтіп жүр. Екі ай ішінде оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ бәріміз психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Жұмысымызды сапалы атқардық деп оайлаймын.

61 күн ішінде 20-дан астам тәртіп сақшысы екі ауысым бойынша жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында бекеттер арқылы өңірге 23 мыңнан астам көлік кірген.

Арыстан Дүйсенбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Карантин барлығымыз үшін сынаққа айналды. Қиын сәттер де болды. Бастапқыда көлік жүргізушілері түсіністік таныта қоймады, бірақ уақыт өте келе жұмысымызға құрметпен қарады. Павлодарлық полицейлер қызметтерін абыроймен атқарды.

Маңғыстау облысында блок-бекеттерде 130 полиция қызметкері екі ауысым бойынша еңбек етті. 58 күн ішінде карантин ережесін бұзған 1562 жағдай тіркелген. Мысалы, «Ақтау-Форт» Шевченко жолы бойындағы блок-бекетте тәртіп сақшылары контрабандалық әрекетті әшкереледі. 120 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз жолмен алып өтпекші болған азаматтың ісі сотқа жолданды. Айта кетейік, қырағылығымен ерекше көзге түскен полицейлер марапаттарға ие болды. 

Мадияр Омаров, облыстық жергілікті полиция басқармасының бастығы:

– Жаңаөзен-Ақтау қаласы бойынша және де Ақтау-Форт Шевченко, Ақтау-Бейнеу жолдарының бәрі ашық. Автокөліктердің барлығы қандай да жол көлік ережесін бұзып жатса, олар тексеріліп, жауапкершілікке тартылады. Бұрынғыдай коронавирус кезіндегідей тоқтатылып, тексерулер болмайды.

Атырау қаласында карантин режимі аяқталды. Сәйкесінше, блок-бекеттер алынып тасталды. Бүгінге дейін бекеттерден өткен 127 мыңнан астам көлік тіркелді. Олардың көбі – транзиттік тасымалмен айналысатын жүк көліктері. Заңбұзушылықтар да жоқ емес. Шекараны айналып өтпек болған 100-ге жуық жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.

Амантай Жұмағалиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Өздеріңіз білесіздер, ол жерде адам көп шоғырланған. Сондықтан ауру таралу қаупі кәсіпорын, мекемелерде, базарларда жоғары. Блок-посттар карантин жарияланған елді мекендерде сақталады. Ол Жылыой ауданында, Теңіз кен орнында, Мақат ауданының Мақат ауылында.

Бүгін аймақта жалпы көлемі 2000 шаршы метрден асатын ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары қайта іске қосылды. Ал екі күннен кейін нарықтар мен азық-түлік емес сауда орындары ашылады. Рұқсат берілді, тек санитарлық талаптар орындалса болғаны.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы