417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Вагон ішіндегі талап пен вокзалға кіру тәртібі барынша күшейген

  • 291
Вагон ішіндегі талап пен вокзалға кіру тәртібі барынша күшейген

Екі айдай үзілістен кейін темір жол қатынасы қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таңнан бері Нұр-Сұлтан қаласынан өзге өңірлерге жолаушы толы бірнеше пойыз аттанды. Алғашқы кезеңде 54 құрам іске қосылды. Ал билеттер 15 мамырда сатылымға шыққан. Бүгінге дейін 350 мыңнан астамы сатылды. Оның жартысынан көбі онлайн жүйеде рәсімделген. Вагон ішіндегі талап пен вокзалға кіру тәртібі барынша күшейді. Темір жол бекетіне билеті бар, маска таққан және дене қызуы қалыпты жолаушы ғана кіреді. Шығарып салушылар жіберілмейді. Ал пойыз ішінде жолаушылар бір вагоннан екінші вагонға өтпейді.

Мәди Мұхамедқали, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:

– Жолаушылар отырғызылғаннан кейін ең бірінші кезекте сауалнама жүргіземіз. Аты-жөнін толықтай жазып, қайда тұрады, барлығын толтырып кетеді. Егер бір адамнан коронавирустық індет табылатын болса, оны жеке купеге оқшаулап тастайды. Осыдан кейін жолсерік пойыз басшылығына хабарласады. Олар алдағы тұрған станцияға хабарлама береді. Қазір ресторан вагондар жұмыс істемейді. Осыған орай алыс сапарға шыққан жолаушылар өздеріне қажетті тағамдарын, ас суларын алып кетсе жақсы болады.

Светлана Аманова, жолаушы:

– Ақпан айында кетуім керек болған. Кейін жол болмады. Отбасым Семейде. Соған асығып бара жатырмын. Жолға шығуға әрине қорқып тұрмын. Бірақ бәрібір бару керек. Барлығы ашылды. Тәртіп сақталған. Кіргенде де, шыққанда де дене қызуымызды тексеріп жатыр.

Айта кету керек, пойыз билеттерінің бағасы өзгермеген. Екі ай бұрын алсаң да, екі күн қалғанда алсаң да құны бір. Пойызға мінетін жолаушылардан коронавирусқа қарсы тест тапсыру талап етілмейді. Діттеген жеріне жеткен жолаушылар карантинге жатқызылмайды.

Хабар 24 телеарнасы