429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да Абайдың 175 жылдық тойына дайындық қалай өтуде?

  • 566
  • UPD: 22:34, 01.06.2020

Биыл еліміздегі ұлық мерекенің бірі – Абайдың 175 жылдығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен хакімнің туған жерінде іргелі жобалар қолға алынып, тарихи-мәдени кешендер қайта жаңғыртылып жатыр. Сырт Қасқабұлақ пен әйгілі Жидебай өзгеше кейіпке енеді. Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы да абаттандырылды.

Ғасырлар өтсе де, Сырт Қасқабұлақтағы Абай бұлағы әлі күнге сарқырап, тоқтаусыз ағып жатыр. Дәл осылайша данышпан ақынның көл-көсір мұрасы ұрпақ жадында мәңгілік сақталмақ. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, тәрбиешісі. Ақынның туған жеріндегі мәдени кешенде қазір оның қара сөздері тастарға қашап жазылып, жұрт назарына ұсынылмақ.

Бұрын осы өлке қараусыз жататын. Ақын дүниеге келген бұлақ басы, кең жайлауды арнайы іздеп келетін бірен-саран адам болмаса, былайғы жұрт іздеп табуы да қиын еді. Қазір міне, тарихи мекен абаттандырылып, тағылым мол шағын саябақ бой көтерді. Ел Президенті Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбай қажының да еңбегін ұмытпауымыз керектігін атап өткен. Қазір қайраткер тұлғаның өзі және әулеті жерленген қорым да ретке келтірілген. Музей құрылысы да алдағы айларда аяқталуы тиіс.

Құсман Берлешов, Құнанбай қажының ұрпағы:

– Үстем таптың, феодалдық өмірдің өкілі есебінде ол кісі еленбей қалған. Міне, 175 жылдыққа орай, Абай бабамыздың әкесін көтеріп, сол кісінің істеген әрекеттерін, жан-жақты қалдырған іздерін зерттеу енді іске асып жатыр деп ойлаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастап бүге-шігесіне дейін Абай бабамызды зерттеп жатсақ, Құнанбайдың да зерттелетін жөні бар екен. Мен ұрпағы есебінде ризашылығымды білдіріп, рақмет айтуға тиістімін деп ойлаймын.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

– Ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесіне Абай ауданының халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, үлкен ынтамен келіп отыр десек артық емес. Оған дәлел, қазіргі уақытта Қарауыл ауылының ортасынан Зекеновтар әулеті мешіт құрылысын бастап кетті. 2 жыл бұрын Парыз қоры құрылған болатын, сол Парыз қорының аясында азаматтар үлестерін қосып жатыр. Бұл жиналған қаражат тек қана той тойлауға емес, ауылымыздың халқына, әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмыстар жасап жатырмыз.

Еуразия кіндігінде орналасқан Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі де толық қайта жөндеуден өтіп жатыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында ашылған мәдени кешен ерекше кейіпке енбек. Болашақта халықаралық туризм орталығына айналдыру да жоспарда бар. Мерейтой қарсаңында Абай ауданында жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын 19 маңызды жоба жүзеге аспақшы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы