422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда әлеуметтік-спорттық 5 нысан қолданысқа берілді

  • 446
  • UPD: 22:20, 01.06.2020

Таразда Халықаралық балаларды қорғау күні әлеуметтік-спорттық 5 нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңадан бой көтерген инклюзивті ойын алаңы, шағын футбол, спорттық жаттығу кешендері балаларға нағыз мерекелік тарту болғаны сөзсіз. Бұдан бөлек, облыс орталығында жастарға қызмет көрсететін фронт кеңсе ашылып, жұмысын бастады.

«Асылмұра» фронт кеңсесінде өңіріміздегі тарихи-мәдени нысандарды сақтау бағытында волонтерларға әдістемелік қолдау көрсетіледі. Олар мұнда зерттеу және жобалық жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жастарға орталықта білім беру, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту сияқты мәселелерге қатысты кеңес беріледі. Оларға 22 мекеменің мамандары тегін қызмет көрсетеді. Алғашқы кеңесті жастарға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев берді. 

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Өзімнің ойымды, ұсынысымды айтсам деген болу керек. Былайша айтқанда, пікір-талас орталығы болу керек. Сонда жақсы болады. Әсіресе демалыс күндері кешке жақын шығу керек. Өйткені біреу оқиды, біреу жұмыс істейді. Қол бос уақытында осында келеді.

Тағы бір мерекелік ерекше тарту мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті ойын алаңшасы болды. Жаңа алаңқай бөбектердің даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып салынған.

Айнұр Ташкентбаева, қала тұрғыны:

– Әсіресе денсаулығы жоқ балаларға өте жақсы. Тараз қаласында осындай жерлер ашылса жақсы болар еді. Балалар далаға шығып, көңіл-күйлері көтеріліп жүр.

Бұл кешенді демеушілер өз қаражатына салып, балаларға мереке қарсаңында тарту жасап отыр. Бұл жердің жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Бұдан бөлек, мұнда ересектердің де бір мезгіл спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Сондай-ақ балалардың ойын алаңы да бар.

Спорттық кешен «Менің елім» бағдарламасы аясында салынып отыр. Мұнда бір мезетте 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Ал ойын алаңдарының бұл аулада салынуы кездейсоқ емес. Мұнда 1500 ден астам адам тұрады.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Осындай жұмысты қазір қалада істеп жатырмыз. Биыл ең кем дегенде 196 осындай алаң саламыз. Үйлердің ең кем дегенде 150-ін жөндейміз. Оған біздің қаржымыз, мүмкіндігіміз бар.

Өңірде биыл әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе Қордай ауданында жұмыс қарқынды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы