405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ескі көліктерге берілетін төлемақы көлемі ұлғайды

  • 152
  • UPD: 22:22, 01.06.2020

Бүгіннен бастап ескі көліктерді қабылдаудың ақшалай төлем мөлшері ұлғайтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тозығы жеткен көліктерді қабылдау екі санат бойынша жүзеге асады. 

Мәселен, бір ғана Алматының өзінде 800 мыңға жуық көлік бар. Соның жартысынан астамы ескі. Мұндай көліктер қалай қабылданады?

Елімізде ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы 2016 жылы жүзеге асқан болатын. Бұған дейін осы бағдарлама бойынша ескі машиналарды қолма-қол ақшадан бөлек арнайы сертификаттарға айырбастау мүмкіндігі болса, жаңа ережеге сәйкес жеңілдік сертификаттары ендігі жерде тек жүк көліктеріне ғана беріледі.

Жомарт Рахымжан, cеріктестік өкілі:

– Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасына өзгертулер енгізілді. Бүгіннен бастап жеңіл автокөліктерге берілетін өтемақы көлемі 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда сертификат бағдарламасы дәл осы жеңіл көліктер үшін тоқтатылды. Бірақ жолаушы және жүк көліктерін қабылдау жалғасын таба береді.

Жаңа ереже бойынша, көлік иесіне екі санат бойынша қаржы төленеді. Яғни толық жиынтықты көлікке бұған дейін 150 мың теңге төленетін. Ал енді қосалқы бөлшектері кем көліктерге 150 мың теңге төленеді. Бұрын осы екінші санаттағы көліктерге бар жоғы 48 мың теңге ғана берілген еді. Десе де, көлік иелері бұл қаржының әлі де аз екенін айтады.

БЛИЦ:

– Көлемі 200 мың төмен деп ойлаймын. 300 мыңнан жоғары қылса, 500-ге дейін апарса, экология тазарып қалатын еді. Адамдар тез өткізетін еді.

– Темірге өткізген жақсы ғой. Немесе бөлшектеп сатуға да болады.

– Бөлшектеп беретін едім. Сол тиімді болады. Қазір бөлшектер қымбат. Кеденнің бәрі жабық. Бөлшектерді өткізбей жатыр. Тұрған бағасының жартысын беру керек.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автокөліктер одағының төрағасы:

– Көлік қалдықтары қоршаған ортаны ластамау үшін арнайы қабылдау орындарына өткізген жөн. Бірақ қазіргі жағдайда инфляцияны ескеретін болсақ, ескі көліктерге беріліп отырған төлемақы мөлшерінің деңгейі бұрынғымен салыстырғанда еш айырмасы жоқ. Сондықтан ескі көлікті тапсырғаннан гөрі қосалқы бөлшектерге сату тиімдірек. Осылайша сіз 1,5-2 есе көп ақша таба аласыз.

Тозығы жеткен көліктің жолдағы қауіптілігі өз алдына, табиғатқа тигізер зияны да көп екені айтпасақ та түсінікті. Алматыда 800 мыңға жуық көлік бар десек, соның 60 пайыздайы ескі. Олар жылына ауаға 250 мың тонна зиянды қалдықтар бөледі дейді экологтар. Ал енді ескі көлігін тапсырушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін ақша аударым жұмыстары 15 күнге созылса, қазір екі күннің ішінде бар мәселе шешіледі дейді мамандар.  

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы