405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екі жүзден аса елорда тұрғыны 1 млрд теңгеге жуық қаражатын қайтара алмай жүр

  • 327
  • UPD: 08:42, 02.06.2020

«Жағалауда» тағы дау. Екі жүзден аса елорда тұрғыны 1 млрд теңгеге жуық қаражатын қайтара алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2014 жылы салына бастауы тиіс «Жағалау 4» тұрғын үй кешеніне үлескер болған олар дер кезінде келісімшартты бұзуға мәжбүр болады. Алайда, төлеп қойған ақыларын толық қайтару мүмкін болмаған.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Тілшілердің келгеніне онша разы болмаған Сергей Котляров осыдан 6 жыл бұрын «Жағалау 4» тұрғын үй кешенін салмақшы болады. Үлескерлер алғашқы жарнасын төлеп қойған. Сөйтіп, арада екі жыл өтті. Бірақ уәделі үйдің іргесі де қаланбаған. Қоныс тойынан күдер үзгендер келісімшартты бұзуға уағдаласады. Заң бойынша оған толық құқылы. Алайда, әлі күнге дейін тірнектеп тапқан ақшасын қайтара алмай жүргендер бар.

Аркен Есімбаев, қала тұрғыны:

- Сотқа шағымданған жоқпыз. Өйткені сотқа шағымдану үшін адвокат жалдау керек. Адвокаттың сұранысы жалпы сомадан 10%. Бұл өте тиімсіз. Инфляциялық құнмен салыстырғанда біздің ақшамыз құнсызданып кетті. Яғни, қазіргі 8 млн 2016 жылы құйған ақшамызға қарағанда құнсыз болып кетті. Сол құнсызданған 8 миллионды біз әлі де ала алмай жатырмыз.

Анасына үй алып беруді армандаған оқытушының да салы суға кетіп отыр. Аркен Есімбаев келісімшартты бұзғалы 2 жыл өтсе де, қолына көк тиын алмағанын айтады. Ал, Тұрғын үй құрылыс кооперативінің өкілі халыққа 4 млрд теңге берешек болғанын мойындады. 3 милиардын қайтарыпты. Енді қайтарылмай келген 1 млрд теңгенің жыры таусылар емес.

Кенжетай Бейсембинова, қала тұрғыны:

- Котляров бүгін бізге мынадай уәде беріп тұр. «Тамыз айының 31-іне дейін сіздердің қарыздарыңызды беріп құтыламыз», дейді. Бірақ бұл уәде, біз оған сенбейміз. Сол үшін қайтадан басқа хаттарды дайындадық. Әкімдікке, Президенттің атына жазып, дайындап жатырмыз.

Үйі жоқ, оны даулайтын шамасы да қалмаған Кенжетай Бейсембинова кешеннің 2017 жылы пайдалануға берілу керек болғанын айтады. Қазір құрылыс тоқтап тұр. Заң бойынша келісім бұзылғаннан кейін 3 ай ішінде қарыз толық өтелуі тиіс. Олай болмаған соң көпшілік сотқа жүгінген. Алайда, үлескерлер еншісіне берілген шешім түбегейлі орындалмаған.

Сергей Котляров, «ТК Жағалау» ТҚК басқарма төрағасының орынбасары:

- Қаржыландыру үрдісі бірнеше рет өзгерді. Бұл бізге кедергі болды. Енді құрылысты мемлекет қаржыландыратын болады. Жақында осындай шешім шықты. Біз 211 адамға берешек болдық. Олардың 50-і қарызын түгел алады. Әрине, көп адамның ақшасын уақытында қайтармағанымыз үшін кінәліміз. Бірақ алдағы 3 айда толық өтейтін боламыз

Жыры таусылмаған тұрғын үй кешенінің құрылысын «Елорда құрылыс компаниясы» аяқтайды. Келісімшартты бұзбаған жарты мыңға жуық адамның үміті осында. Мамандар жобалық-сметалық құжаттың әзірленіп, бас мердігерлер анықталып жатқанын айтады

Жанар Абылқасымова, «Елорда құрылыс компаниясы» жшс директорының орынбасары:

- Проблемалы нысанды аяқтауға арналған бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Біз борышкерлердің ақысын өтемейміз. Тұралап тұрған үй құрылысын жалғастырып, пайдалануға беруге тиіспіз. Жауапты мердігерлермен жұмыс істеуіміз керек. Өйткені, бұған дейін құрылысшы бір болғанымен, мердігерлер жиі ауысып отырғаны анықталған.

Тұрғын үй құрылыс кооперативі өкілінің сөзіне сенбеген елордалықтар жаздың соңын күтіп отыра алмайтынын жеткізді. Мемлекет басшысының атына хат дайындапты. «Соңғы үмітіміз осы», - дейді

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы