405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бір көлік, екі қожайын. Елорда тұрғындары алаяқтардың тұзағына түсіп жатыр

  • 140
  • UPD: 08:39, 02.06.2020

Бір көлік, екі қожайын. Алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар заңды меншігін бөлісе алмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елорданың өзінде осындай дау тудырған 300-ден астам көлік анықталған. Бұған атышулы «Гарант», «Выгодный займ», «Estate» ломбардтары арқылы қақпан құрған қылмыстық топ кінәлі болып шықты. Енді көлікке қатысты келеңсіздік кімнің мүддесіне шешілмек?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ақжібек көлігінен айырылып, сан соғып қалғандардың бірі. Төрт баласы бар медбике тірнектеп жиғанын алғашқы жарна ретінде жаратып, жетпеген сомаға несие рәсімдеген еді. Осылайша, ақпан айында көптен арман болған темір тұлпарға қол жеткізді. Алайда, көп балалы ананың қуанышы ұзаққа созылмады.

Ақжібек Тілеубайқызы, зардап шегуші:

- Күндердің бір күні, яғни 26 наурыз күні көліктің сигнализациясы ойнайды. Далаға шықсақ, далада біздің білуіміз бойынша, көліктің бірінші қожайыны келіп, машинаны тауып, сол жерде 102 шақырған. 102 келіп, ол көліктің сол жерде бізге не жағдайда, қалай сатылғанын сұрайды. Яғни, көлікті сол бірінші қожайыны «Выгодный займ» деген ломбардқа тапсырған екен. Оны біз сол жерде анықтадық.

Ақжібек көлігін меншіктей ала ма, жоқ па беймағлұм. Белгілісі – көлікке деп алған несиесін уақытылы төлеуі тиіс. Мұндай келеңсіздікке тап болған жалғыз ол емес. Көлік алып, оны заңды түрде меншіктей алмай жүрген тағы бірнеше адам мұңын шақты. Бәрі алаяқтардың тұзағына түскен.

Ерлан Қуатаев, заңгер:

- «Гарант 24», «Выгодный займ», «Estate» ломбард қызметкерлері арнайы call-центр құрып, адамдарға қоңырау шалған. Сөйтіп, мәселен 4 млн тұратын көлікті 6 миллионға сатып аламыз, тек ақысын бөліп береміз деп уәде берген. Екі айда екі миллион табыс табуды ойлаған тұрғындар, көліктерін сенімхатпен бірге ломбардқа өткізеді. Сол арада, қолында сенімхаты бар ломбард қызметкерлері көлікті «Колеса» сайтында арзанырақ бағамен сатқан. Ал, сатып алушылардың ойында ешнәрсе жоқ, тиісті тексерістен өткізген соң ақшасын беріп, көлікті алады.

Атышулы ломбардтардың қылмыстық жоспары наурызда әшкере болғаны баршаға мәлім. Бірақ оған дейін қанша адам алаяқтардың арбауына түскені әлі анықталып жатыр. Қазір осы тектес істің барлығы жинақталып, қаралуда.

Рустам Шарибаев, қалалық полиция депараменті бастығының орынбасары:

- Бұл санаттағы көліктер тергеу сотының қаулысымен айғақ зат ретінде танылып, сәйкесінше оны қолдануға тыйым салынған. Көлікті соңғы сатып алушылар өтініш жазғаннан кейін олардан мүлікті сақтау жөнінде қолхат алынды. Осылайша, көлікті уақытша пайдалануға рұқсат етілген. Бірақ көлікті сатуға, не кепілге қоюға болмайды. Бірақ көліктің кімнің меншігіне өтетінін сот шешеді.

Ерлан Қуатаев, заңгер:

- Азаматтық кодекстің 157-бабы бар. Соған сәйкес, егер бастапқы мәміленің заңдық күші жойылса, одан кейін жасалған мәміле де заңсыз деп танылады. Мұндайда көлік бірінші болып зардап шеккенге, яғни, бастапқы иесіне қайтарылады. Сондай-ақ сол кодекстің 261-бабына сәйкес, мүлікті адал жолмен сатып алғандардың мүддесі қорғалуы тиіс.

Кереғар істе кімнің ұтатыны, кімнің ұтылатынын сот шешеді. Қалай болғанда да опық жеп қалған жұрт аз болмайын деп тұр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы