418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық еріктілер көмекке зәру балаларға қол ұшын созды

  • 200
  • UPD: 09:54, 02.06.2020

Маңғыстаулық еріктілер көмекке зәру жеткіншектерге қол ұшын созып, оларға қажет заттарды жеткізіп беріп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жомарт жүрек жастар балалар үйіне тұрмыстық техника тарту етіп, жақынынан зәбір көргендерге арналған орталық тәрбиеленушілеріне тәттілерді үлестірді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мадинаның әлеуметтік дағдарыс орталығында тұрып жатқанына үш жылдай болған. Бір рет жолдасын кешіріп, кейін өзгермесіне көз жеткен соң осында қайта келіпті. Мүгедек сәби бағып отырған әйел сұхбат беруді қалаған жоқ. Есесіне перзентіне сыйлық жасап қуантқан жастарға алғысын жаудырды. Орталық осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Содан бері 250-ге жуық адам хабарласып, оның 20-сы осы жерден уақытша баспана тауыпты.

Согдиана Баймұратова, дағдарыс орталығының қызметкері:

- Бастапқыда 20 әйел мен 37 бала қабылданды. Бірқатары кейін өз жақынымен табысты. Жаңадан өмір бастағандары да бар. Кеше бір адамның әуе билетін алып беріп, Шымкентке шығарып салдық. Бүгін хабарласып, үйіне аман жеткенін, анасымен қауышқанын айтты. Бүгін мереке болғасын орталық тұрғындары дені ағайын-туыстарына кетті. Іште қалған қыз-келіншектерге ізгі жандар, ерікті жастар сыйлықтарын әкеліп, қуантып жатыр.

Наурызбек Мағдатов, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

- Маңғыстаулық «Jas Otan» жастар қанатының ерікті жастары мерекеге орай «Балаларға базарлық» қайырымдылық акциясын бастады. Оның аясында біз акциямызды бастамас бұрын әлеуметтік осал топтағы, яғни, көмек қажет ететін орындарды белгілеп алдық. Сол мемлекеттік мекеме мен арнайы ұйымдармен байланысқа шығып, өздерінің сұраныстарына сәйкес құрал-жабдықтарды алып бердік.

Еріктілер өңірлік мамандандырылған балалар үйіне де барып, салқындату жүйесін жеткізіп берді. Қазіргі уақытта мұнда 1 мен 4 жасқа дейінгі 28 сәби тәрбиеленіп жатыр. Бесеуі тастанды, қалғаны әлеуметтік осал топтағы ата-ана, үй-күйі жоқ жалғызбасты азаматтардың балалары. Олар аптасына бес күн мамандар қарауында болып, сенбі-жексенбіде жақындарымен қауышады. Әлеуметтік ғимарат бөлмелері кәдімгі пәтерге ұқсатып іші безендірілген.

Сару Ермұханова, өңірлік мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері:

- Балаларды эмоционалды қолдау үшін барлық жерге сүйікті мультфильмдерін, ия болмаса, Каспий теңізінің итбалық, шағалаларының суреттерін салып, жасаттырдық. Сосын ең үлкен өзгеріс – оңалту орталығын аштық. Бассейнге жағдайымыз келмейтін болғасын, шағын джакузи жасап, балаларымыз 10-15 күн сайын гидромассажын алып, шомылып тұрады.

Жаһан мемлекеттерінің астанасын, Президенттерінің есімдері мен елдердің картада орналасқан жерін жатқа білетін Жігер Берікбайұлы да мереке күнде волонтерлер назарынан тыс қалмады. Қайырымды жастар мұнайлылық озат оқушыға планшет сыйлап, қуантты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы