418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда жағажайдағы демалыс орындары ашылды

  • 241
  • UPD: 13:11, 02.06.2020

Аймақта соңғы күндері аптап ыстықтан теңізге барушылардың саны артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей жерлерде ауа температурасы +40-қа жетіп қалды. Жалпы Маңғыстау өңірінде карантин шаралары біртіндеп жеңілдеп келеді. Десек те, дәрігерлер қауіпті вирустың таралуы толық тоқтамағанын ескертіп, суға түсер кезде сақтық шараларын ұмытпауға шақырады.

Талғат Исламұлы, тілші:

Ақтауда күн мамырдан бастап шуақты. Қазіргі ауа температурасы +21 көрсетіп тұр. Түс ауа отызға жетері анық. Ал өңірдің кей жерлерінде бұдан да ыстық. Ия, өткен демалыста теңізге түстім. Расын айту керек, су әлі де болса сәл салқындау.

Менің барғаным қала сыртындағы жағажай болатын. Ал, шаһар аумағында жағалауда күнұзақ кісі қарасы толастамайды. Өйткені карантин уақытында үйде отырған халық қазір бос уақытын теңіз жағасында өткізгісі келеді. Сондай-ақ қазір басым көпшілігіне еңбек демалысының басталған уақыты. Біз яхта-клубы мен суда құтқару станциясының арасында тұрмыз. Бұл жер қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі.

Айта кетейік, шомылу маусымы басталмай тұрып халықтың теңізге барып жатқанын жасыра алмаймыз. Құтқарушылар да күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Осыған қарамастан, соңғы күндері қайғылы жағдайлар болды. Менің жанымда облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров тұр. Қазіргі ахуалды айтып берсеңіз, жағажайлар мен демалыс орындары шомылу маусымына дайын ба?

Жалпы Ақтауда суға түсуге болмайтын төрт орынға тақтайша қойылып, халыққа ескертілсе де, оған құлақ асып жатқан жан аз. Тағы бір айта кетерлігі, қауіптің беті толық қайтқан жоқ. Теңіз жағасындағы демалыс орнына барған сәтте де қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Таза ауада демаламын деп жүріп вирус жұқтырып алуға болатынын дәрігер-эпидемиологтар сан мәрте қайталап айтып келеді. Осы ретте мамандар сөзін тыңдасақ.

Әсима Жарылғасова, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

Қайда барсаңыз да, сақтық шараларын сақтау қажет. Демалыс орнындағы асхана, киім ауыстыру бөлмесінде кісі топталып тұруына мүлдем болмайды. Арақашықтық сақтаңыздар. Адам отыратын ғимараттардың ішін үнемі желдетіп тұру керек. Қоғамдық тамақтану орнына бетперде киіп кіріңіздер. Барлық жерде микроб жойғыш ерітіндісі құйылған санитайзерлердің болуы міндетті.

Талғат Исламұлы, тілші:

Тақырыпқа қоса кетсем, Маңғыстау облысында маусым айынан бастап спорт залдары ашылды. Бұл жерде келушілердің саны 30%-тен аспауы керек. Ойын-сауық орталықтары да таңғы 09:00-ден кешкі 22:00-ге дейінгі аралықта ашық тұрады. Бірақ ондағы кинотеатрлар, балаларға арналған ойын бөлмелері мен мұз айдындары әзірге жабық.

Хабар 24 телеарнасы