418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еңбек нарығындағы жағдай шілде айында тұрақталады

  • 272
  • UPD: 13:13, 02.06.2020
Еңбек нарығындағы жағдай шілде айында тұрақталады

Елімізде қаңтар мен сәуір аралығында 4 миллионнан астам адам табыссыз қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін үш миллионы жұмысқа қайта қосылды. Еңбек нарығындағы жағдай тек шілде айында тұрақталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Биыл 1 миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспары бар. Жол картасына енген 6500 жобаның 80%-і іске қосылып, 91 мың адам жұмыс тапқан. Олардың 35%-і жастар. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында 196 мың адам еңбекпен қамтылды. Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңге бөлінетінін айтқан еді. Бұл қаржы төтенше жағдай кезінде тұралап қалған кәсіпорындарды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсалады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Біз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Олардың әл-ауқатының жақсаруына жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болуы керек. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар Шымкент қаласы және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр. Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері төмен. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмысты ұйымдастыру ең төменгі деңгейде болып отыр. Бұл әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмысының нәтижесі.

Хабар 24 телеарнасы