412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің жағажайлары жаңа ереже бойынша жұмыс істейді

  • 117
  • UPD: 15:14, 02.06.2020

Елімізде суға шомылу маусымы басталғанымен, жағажайлар жаңа ереже бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең бастысы, санитарлық талапқа сай келушілердің қауіпсіздігін қатаң сақтауға міндетті. Тек Ақтөбенің өзінде мамандардың жіті тексеруінен өткен орындар ғана адамдарды қабылдай бастады. Жағажайдағы қауіпсіздік шаралары туралы дәл қазір өңірдегі тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлы айтуға дайын.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Біз қазір Ақтөбе су қоймасындағы жағажайда тұрмыз. Бұл – жаз мезгіліндегі күннің ыстығынан қала тұрғындарының жиі келетін орындарының бірі. Облыста дәл осындай 51 шомылуға арналған жер бар. Оның 40 коммуналдық, 11 жекеменшік.

Барлығы да кезекті маусым басталғанша келушілердің қауіпсіздігін сақтауға баса көңіл бөлген. Жылдағы жоспарға сай қажетті құрал-жабдықтармен, бақылау мұнараларымен, қайықтармен қамтылған. Ал, биыл қосымша құралдардың болуы да міндеттелді. Атап айтқанда, енді жағажайлар қызметкерлері және келушілерге де қойылатын талап бар.

Ақтоты Құттыбаева, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Күн сайын жұмыс аяқталғанға дейін қызметкерлер мен келушілер арасында термометрия жүргізу керек. Өз аумағына дезинфекция жүргізу керек. Қызметкерлер маскамен қамтамасыз етілу керек. Келушілерге берілетін тамақтарды арнайы ланч-бокстарда берілуі қажет.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл шаралардың барлығы коронавирус инфекциясының шомылу орындарында да таралмауы үшін қолға алынды. Бұдан бөлек, өзен-көлдердегі қауіпсіздіктің сақталуы да құтқарушыларды алаңдатып отыр.

Себебі, өңірде аптап ыстық басталғалы бері 4 адам суға батып кеткен. Кейін анықталғандай, олар рұқсат етілмеген аумақта шомылыпты. Ал, 1 маусымға дейін жағажайларды тексеру барысында 218 суға түсуге болмайтын жер анықталған. Қазір оларға ескерту белгілерін орнату жергілікті атқарушы билікке жүктелген. Ал, шомылуға болатын өзен-көлдердің табанын тазарту кезінде қатты қалдықтар мен тастар, тіпті заңсыз балық аулаушылардың тастап кеткен аулары табылған. Жаз мезгілінде қауіпсіздік сақтау үшін жағажайларда құтқарушылар кезекшілік атқаратын болады.

Айта кетейік, жағажайдағы қауіпсіздік шараларының сақталуы әрдайым басты назарда болмақ. Мұнда санитар дәрігерлер де жиі келетін болды.

Хабар 24 телеарнасы