423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан бірқатар шет мемлекетпен әуе байланысын қайта жандандырмақ

  • 339
  • UPD: 15:35, 02.06.2020

Еліміз бірқатар шет мемлекетпен әуе байланысын қайта жандандырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір эпидемиологиялық ахуалы түзелген Әзербайжан, Оңтүстік Корея және Қытай Халық Республикасымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келіссөздерді Денсаулық сақтау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі қолға алған. Екінші кезеңде Чехия, Германия, Біріккен Араб Әмірлігі және Түркия бар. Алайда, бұл елдердегі пандемия өршитін болса, әуе байланысы жедел тоқтатылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бас санитарлық дәрігер бұл елдердегі эпидемиялық жағдайды бақылайтын болады. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі осындай шарт қойып отыр. Нью-Йорк, Сингапур сияқты қаржылық орталықтармен әуе қатынасының жандануы уақытын ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында қарастырамыз.

Орталық коммуникация қызметінде, сондай-ақСемейдегі тері-жүн комбинатының ахуалы да сөз болды. Қазір бұл кәсіпорын банкрот алдында тұр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Семейдегі комбинаттың жағдайы 2008 жылдан бері реттелмей келеді. Сол кезде жаңғырту үшін Қазақстанның даму банкінен 22 млн доллар алған болатын. Алайда, бірқатар кедергі болып, сол жаңғырту аяқталмады. Ақша да толық түспеді. Қазір нысан банкрот алдында тұр. Министрлік тарапынан барынша көмектесуге дайынбыз. Алайда, негізгі түйткіл банк пен кәсіпорын арасында болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы