423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңаарқаға қарасты Сейфуллин ауылы малға су тауып бере алмай отыр

  • 450
  • UPD: 20:42, 02.06.2020

Ауылда мал басы көбейіп келеді. Бірақ сол малға жайылым бар да су жоқ. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары үшін енді мал басын көбейтпек тұрмақ, қолдағы барын ұстап тұру мұңға айналды. Себеп сол – су тапшы. Елді мекен маңында ешқандай өзен, көл жоқ. Жалғыз тоғанды су шайып кеткен. Ал ірілі-ұсақты мал басы 5 мыңға жуық. Ауылдағы ағайын мәселені айтып, талай табалдырықты тоздырған екен. Бірақ нәтиже болмай тұр.

Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары іргедегі мына тоғанды сонау бір жылдары өз қолдарымен тұрғызыпты. Алайда 2015 жылы тасқын бөгетті бұзып, тоғандағы су ағып кеткен. Содан бері мал суару мұң болып тұр. Ал қазір ауылда төрт түліктің саны 5 мыңға жуықтаған.

Алданыш Әменов, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны:

- Өзен-көл жоқ бұл маңайда. Бұл ауылда өзі 2-3 тоған болған. Соның бәрін су шайып кетті. Енді мына тура ауылдың қасындағы, бүкіл ауыл қарап отырған тоғанды шайып кеткеннен кейін су қиын болып тұр. Құдық қазғызуға ол қымбатқа түсіп тұр тағы да. Құдықтан көп мал суара алмайсыз. 

Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, су тартуға мемлекет тарапынан көмек беріледі. Бірақ жекелеген фермерлер үшін. Айталық, соңғы 6 жылда аймақтағы 435 қыстауға құдық қазылған. Кеткен шығынның шамамен 80 процентін мемлекет қайтарыпты. Ал ауыл тұрғындары тек басқа бағдарламаға ғана үміт арта алады.       

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз құнын төлейтініміз обводнение пастбищ дейді, жаңағы жайылым жерлерді суландыру мақсатында. Ал ауыл тұрғындарына басқа бағдарламамен скважина қазып, башня салып беруге болады. Ол бөлек, ауызсу. Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ешқандай қаржылай көмек көрсетілмейді. Ол басқа бағдарламамен жасалады.

Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктен тоғанды жөндеп беруді сұраған. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл су қоймасы коммуналдық меншікте болмағандықтан қаржы бөлу мүмкін емес. Ал тоғанды жөндеу үшін 25 миллион теңге ақша керек екен. Мәселені шешудің жалғыз жолы - инвестор табу. Қазір әкімдік ауыл іргесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниядан көмек сұрап отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы