412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маралдыдан артемия салина шаянын аулауға квота берілетін болды

  • 242
  • UPD: 20:58, 02.06.2020
Маралдыдан артемия салина шаянын аулауға квота берілетін болды

Маралды көлі тұзды суымен бірге табиғатта сирек кездесетін «артемия салина» шаяндарымен танымал. Медицина, фармацевтика саласында кеңінен қолданылатын, биохимиялық құндылығы бар су жәндіктері тұзды көлдерден заңсыз ауланып келгені рас. 

Соңғы жылдары су қоймасын «Стройбиоресурс» компаниясы жалға алған болатын. Маралдыны курорттық аймаққа айналдырған да осы фирма. Алайда соттың шешімімен қыста арадағы келісім-шарт бұзылды. Ол кезде Маралды  көлінде  артемия салина цистасын аулауға квота болмаған еді. Енді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасы жаңадан  байқау жариялап отыр. Онда  артемия салина шаяндарын аулауға рұқсат берілген. 

Жасұлан Жұмашев, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану  басқармасының  бөлім  басшысы:

- Мамыр айының 27-сінде конверттері ашу болды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссия өтініштерді қарап жатыр. Оның нәтижесін жер қойнауын пайдалану, табиғатты қорғау және су ресурстары сайтынан білуге болады.

Құрылыс қалдықтарымен ластанған Маралды көлінің тағдыры көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл мәселе  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің   «Ertis – adaldyq alańy» жобалық кеңсесіне жетті.

Ризабек  Исабеков, «Ertis – adaldyq alańy» жобалық офисінің жетекшісі: 

- «Ertis – adaldyq alańy» жобалық офисі бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайды.  Мыңдаған облыс тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналған Маралды көліне экологиялық апат төніп тұр. Біз оны қалпына келтіруге бар күшімізді саламыз және тиісті органдар қарап отырмайды деп ойлаймын.

Хабар 24 телеарнасы