423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Рудныйды қоқыс басып барады – тұрғындар шағымы

  • 366
  • UPD: 09:03, 03.06.2020

Жергілікті тұрғындар біздің редакциямызға осылай деп шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын қаланың әр жерінде шашылып төгілген тұрмыс қалдықтарынан аяқ алып жүре алмайсың. Арнайы тексеріс жүргізген экологтар да бұл мәселе турасында тиісті нұсқаулар берген. Бірақ әзірге өзгерген ештеңе жоқ.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Мынау қоқыс алаңы қалтарыста тұрғанымен, қаланың орталығына жақын орналасқан. Жәшіктер жартылай бос, алайда айналасы тұрмыс қалдықтарына толы. Мұндай көріністі қаланың әр жерінен байқауға болады.

Гагарин көшесіндегі қоқыс төгетін орын қарға-құзғындардың мекеніне айналған. Ыбырсып, қобырсыған тұрмыс қалдықтары жағалай шашылып жатыр. Мұндай жағдайға жергілікті тұрғындардың еті үйреніп кеткен сияқты.Қоқысты жәшікке салмай, жанына лақтыра салады. Тіпті пакетін есік алдына тастай салғанды да көзіміз шалды.

Қаланың қай бөлігіне барсақ та, осындай көрініс. Ең болмағында, орталықтағы әкімдік ғимаратының маңындағы қоқыс төгетін орын таза шығар деген ойда болғанбыз. Бірақ ол жердің де жетісіп тұрғаны шамалы.

Марина Трошкина, Рудный қаласының тұрғыны:

– Дәл іргеде халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жер ыбырсып, сасып жатпай, гүл егілген көрікті алаң болуға тиісті. Уақытылы қоқысты жинап, әкетпеген соң, тау болып үйіле береді. Ал төлемақыға келгенде уақыттан жаңылмайды. 

Қала ішіндегі қоқысты шығаруға «Рудный-Ажар-2006» серіктестігі жауапты. Жекеменшік коммуналды кәсіпорынның құрылтайшысы жағдай күрделі екендігін мойындап отыр. Бірақ ол өзін кінәлі санамайды. Жауапкершілік жүгін жергілкті атқарушы билікке аудара салды.

Рустем Маликов, кәсіпорын құрылтайшысы:

– Шындығына келгенде, қоқыс жәшігінің айналасындағы үйінділерді жинап, шығаруға міндетті емеспіз. Біз тек контейнердегі тұрмыс қалдықтарын тиеп әкетеміз. Жер мемлекетке тиесілі, оны абаттандыру атқарушы биліктің міндеті. Бұл заң актілерінде көрсетілген.

Ал әкімдіктегілердің айтар өз уәжі бар. Қаланың тұрғын үй коммнуалдық шаруашылығы бөлімінің басшысы осы жағдайға байланысты жауапкерішілікке тартылған екен. Бірақ өзіне тағылған кінәнің негізсіз екендігін дәлелдеп шығыпты.

Олжас Өмірзақов, Рудный қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бұл мәселе бірнеше денгейлі сотта қаралды. Менің білуімше, «Рудный-Ажар-2006» серіктестігін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салу жөнінде сот қаулысы шыққан. Екінші денгейлі сот та шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осыдан түсінуге болады, кімнің кінәлі екендігін. Яғни қоқыс шығаратын кәсіпорын контейнердің айналасындағы тазалыққа жауаптты.

Халқы жүз мыңнан сәл астатын Рудный қаласында қоқыс шығаратын бір емес екі жекеменшік кәсіпорын бар. Бірақ одан не қайыр, сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың кебі келіп тұрса...

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы