405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да бизнес нысандары түгел іске қосылды

  • 213
  • UPD: 12:17, 03.06.2020

Шығыста карантин режимі маусымның он үшіне дейін сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ аймақта бұған дейін енгізілген шектеу түгел алынды. Ал бүгіннен бастап бизнес ошақтарының барлық түрі жұмысын бастады.

Олжас Керейхан, тілші:

– Екі айдан артық ерекше шектеу болғандықтан, дәріхана мен азық-түлік дүкендерінен басқа аймақтағы барлық бизнес нысандары жұмысын тоқтатты. Маусымның бірінен бастап біртіндеп ашылып жатыр. Олардың қатарында спорт залдары мен жай театр және кинотеатр да бар. Бірақ зал көрермендерге толмауы керек. Яғни жиналған жұрт араларында бір орын бос қалдырып отырады. Билет солай сатылады. Міндетті түрде бетперде болуы тиіс. Ал әрбір көрсетілімнен соң міндетті түрде залалсыздандырады.

Екатерина Иванова, кинотеатрдың РR-менеджері:

– Кинотеатрды ашуға дайындалып жатырмыз. Толық дезинфекция жасалады. Санитарлық қандай талап қойылады, соның бәрін орындауға тырысамыз. Сондай-ақ көрермендеріміз қандай кино көргісі келетінін зерттеп, соған сәйкес контент жасаймыз. Тек қана бізді бір күнде тек үш-ақ рет кино көрсете алатынымыз алаңдатып отыр. Өйткені бұдан еш табыс болмайды. Шығынды да ақтамауы мүмкін.

Қазір қаладағы қоғамдық көліктер де толық жұмыс кестесіне көшірілді. Тек бетпердемен жүру ережесі әлі сақталып отыр. Дегенмен соңғы бір аптада аймақта жұқпалы індетке шалдыққан науқастар саны күрт көбейіп кетті. Дәл бүгін өңірде 148 адамнан вирус анықталып отыр.

Аймақта ауруға шалдыққандардың басым бөлігі Семей қаласында екені белгілі.

Семейде Өскеменге қарағанда шектеу шаралары әлі босаңсыған жоқ. Бұған тұрғындар наразылық танытқандықтан, облыс әкімінің өзі барып халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуге мәжбүр болған. Бірақ Семейде де карантин ережесі 6 маусымнан бастап жеңілдетілмек. Тек үлкен мейрамханалар мен түнгі клубтар әзірше ашылмайды. Сондай-ақ ірі жиындар мен көңіл көтеру кештеріне де рұқсат жоқ. Бұл талап Өскемен мен Семейге емес, облыстағы барлық аудан, қалаларға қатысты.

Хабар 24 телеарнасы