405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында тұрмыстық табысты жақсартатын пилоттық жобаға 26 ауыл қатысып жатыр

  • 145
  • UPD: 14:31, 03.06.2020

Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаға 26 елді мекен қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірде үй іргесі мен ауыл сыртындағы 10 мыңнан астам жер игеріліп, жұрт қызу жұмысқа кіріскен. Ал несиеге мал алған тұрғындар түлік төлдетіп, алғашқы пайдасын көре бастады.

Пилоттық жобаға қатысып, жеңілдетілген несие алғандардың дені ақшаны мал шаруашылығына салған. Өйткені төрт түлік ауылдық ағайынға үйреншікті кәсіп. Мәселен, Саудакент ауылының тұрғыны Амандық Жолшыбеков ақпан айында 10 бас бұқа сатып алған. Бірнеше ай бойы бордақылап, қазір етке өткізуге дайын тұр.

Амандық Жолшыбеков, Саудакент ауылының тұрғыны:

– Нәтиже шығарып, Үкіметтің екі жарым пайызбен берген несиесін жарату керек.Отбасымыз бәріміз істейміз. Бір адам емес. Тағы да реті келіп жатса, аналық бас сиыр асырасам деймін.

Ал Бақытжан Сарымолдаев лимон екпек. Ол қыста 6,2 миллион теңге несие алып, жылыжай салып бастаған. Алайда елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмысты уақытша тоқтатыпты. Қазір бастаған ісін әрі қарай жалғастырып жатыр.

Бақытжан Сармолдаев, Саудакент ауылының тұрғыны:

– Он жарым да қырық. 4 соттықтан асады. 80 түп лимон отырғызсам ба деп отырмын. Бір түптің басында 30-40 келідей болады. Жылдан жылға қоса береді. Әр түптен 150-200 келіден алсақ па беп отырмыз.

Саудакентте үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлініп отыр. Көктемде кооператив арқылы 900-ден астам аулаға 500 мың қызанақ көшеті мен 20 келідей қияр ұрығы таратылған. Оған кеткен қаржыны тұрғындар күзде жинаған өнім есебінен қайтарады.

Амантай Назарбеков, Байқадам ауылдық округінің әкімі:

– Ауыл бойынша 984 аула бар. Сол аула бойынша пилоттық жобада біздің ауылдың 300 тұрғыны мал сатып алу несиесін алды. Жалпы сол 3 жобаның ішінен үш адамы жылыжай, наубайхана салуға несие алып, қазіргі таңда жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы жоба өңір бойынша 10 аудандағы 11 ауылдық округте жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлініп, жұртқа жеңілдетілген несие берілді. Оның 6 миллиардтан астам теңгесіне 42 мыңнан астам, мал мен құс сатып алынды. Құрылған кооперативтер 200-ге жуық ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. Қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамандар тың жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, зерделеу жұмыстарын жүргізеді.    

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы