412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада жыл соңына дейін 150 көшенің жолы жөнделеді

  • 125
  • UPD: 23:18, 03.06.2020

Жоспар сондай, жұмыс басталып та кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қала тұрғындары сол жаңадан төселіп жатқан кей жолдың онсыз да тегіс болғанын айтады.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бұл – сол жағалауда, қаланың әкімшілік бөлігінде орналасқан Қонаев көшесі. Ұзындығы 2 шақырымнан сәл асады. Бір басы Мәңгілік ел, екіншісі Тұран көшесіне барып тіреледі. Қазір мұнда жаңа асфальт төселіп жатыр. Алайда бір қызығы, көшеде жөндеу жұмыстары жақында ғана жүргізіліпті. Нақтырақ айтсақ, бір жарым ай бұрын, яғни, сәуір айының соңында.

Бұл – арнамызда 23 сәуірде көрсетілген бейнесюжет. Онда Қонаев көшесінің кей тұстарының жамалғаны айтылады. Бұдан бөлек, жаңа жол белгілері сызылыпты. Енді бұл көшеге жаңа асфальт төселіп жатыр. Бұл жайт көптеген жүргізушінің наразылығын тудырды.

Бұл жолмен жиі жүретін жүргізушілер кептеліс пайда болды, ал енді біреулері жөндеу жұмыстары неге вирусқа байланысты төтенше жағдай жариялағанда, яғни, көлік аз кезде неге жасалмады дейді. Ал мамандардың жауабы былай.

Ерқанат Бексұлтанов қалалық жолдарды салу және жөндеу бөлімінің басшысы:

- Қонаев көшесі туралы айтатын болсақ, зертханалық зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде жолдың үстіңгі төсенішінің нормативтерге сай келмейтіні анықталды. Ал оның Қабанбай батыр мен Мәңгілік ел көшелері арасындағы бөлігін жөндеу жұмыстары биылға жоспарланған.

Бұдан бөлек, Бөгенбай батыр даңғылының кей бөлігіне де жаңа асфальт төселіп жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, көшеге соңғы рет бұндай жөндеу жұмыстары шамамен 6 жыл бұрын жүргізіліпті.

Данияр Арықбаев, инженер:

Бөгенбай даңғылы бойынша бір жолдың ені 15 метр болу керек. Екі жол 30 метр болу керек. Төсенім екі қабаттан тұрады. Ол ірі түйіршікті асфальт бетон қоспасы және қиыршық тасты асфальт бетон. Оның қалыңдығы 5 сантиметрге сай болу керек жоба бойынша.

Егер асфальт құрамы талапқа сай келмейтін болса, онда мердігер компанияға ескерту жасалады. Яғни, ол келісім бойынша олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Жалпы жауапты мамандар көшенің күтімі мен сапаны бақылау мәселесіне елімізде жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтінін айтып отыр.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» рмк бас директоры:

- Қазіргі айтылып жүрген проблемалардың бірі – инженерлік компания өз жұмысын дұрыс атқармауы. Себебі, сападан қате кетіп жатыр. Заңда былай жазылған. Бұл қате жіберсе, лицензия берген ГАСК-ның құқығы бар, айыппұл салуға, 6 айға тоқтатуға, мүлдем тартып алуға. Осы жұмыс істемейді. Сапа жоқ, сапа болмай жатыр деп жатады. Сараптама жасап көріңіздер, бізде бірде-бір инженерлік компаниядан аттестаты алынды ма?

Осыған байланысты жол сапасына жауапты мамандар аталған компанияларға қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр. Айтуларынша, сонда ғана төселген тас жол мерзімінен бұрын үгітілмей, ұзақ қызмет етеді. Ал елордаға оралатын болсақ, жыл соңына дейін 150 көшенің жолдарын жөндеу жоспарда бар. Оның жүзі тұрғын үй алаптарында, ал қалғаны қала ішінде орналасқан.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы