412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардың жиырмадан астам мәдениет нысанында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

  • 133
  • UPD: 14:46, 04.06.2020

Павлодарда ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген мәдениет нысандары жаңа кейіпке енеді. Қазіргі уақытта 22 өнер ошағында жөндеу жұмыстары қызу. Бұл игілікке мемлекеттік бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Қазақ өнерінің қара шаңырағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры 15 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Биыл бұл олқылықтың орны толады. Ғимараттың қасбеті, жылу жүйелері, сахнасы, ең бастысы, шатыры жөнделеді. Бұл өнер ордасының 30 жылдығына арналған сый іспеттес. 

Жарты ғасыр бұрын тұрғызылған ғимараттың қасбеті мен төбесі әбден есірген. Шатырынан су аққан күндерді өнер ордасының негізін қалаушылардың бірі Бахаргүл Құрбанова еске алды. Енді бұл күндер де артта қалды. 

Бахаргүл Құрбанова, ҚР Мәдениет қайраткері, театр әртісі:

- Театр дегенде бірден оның бет айнасы - ғимарат көз алдымызға келеді. Кішкене қиыншылықтарға тап болдық. Өйткені, үшінші қабаттан мысалы жауын күндері, суық кезде, қар, су ағып, сондай кішкене қиыншылықтар болды. Енді қашан, тезірек бітіп осы құрылыс, жаңа өзгертілген ғимаратта көрермендерімізбен кездессек екен.

Ауқымды жоспар аясында 480 орындық көрермендер залы мен сахна адам танымастай өзгереді. Ең бастысы, киелі сахнаның күрделі механизмі автоматтандырылып, дыбыстық жүйесі жаңартылады.

Арман Темірбек, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры:

- Күрделі мәселелердің бірі канализация жылу жүйесі құбырлары, істен шыққан құбырлар өте көп болған. Барлық құбырларымызды барынша, мүмкіндігінше жаңартсақ деп отырмыз. Биыл театрымыз орда бұзар 30 жасқа толып жатыр. Оны білесіздер. Сол мереке қарсаңында бұл біздің театр қызметкрелеріне үлкен сый болды деп есептейміз. 

Жөндеу жұмыстары қолға алынған 22 мәдениет мекемесінің жетеуі іргелі өнер ордалары. Солардың бірі Естай атындағы мәдениет сарайы. Қазіргі уақытта жұмыстар үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Басымдық 900 орындық концерттік зал мен сахнаға берілген. Әбден тозған дыбыстық жүйе де қалыпқа келтіріледі. 

Әнуар Қамбаров, учаске шебері:

- Демонтаждық жұмыстар бітті. Енді штукатуралық жұмыстар мен ертеңнен бастап жаңадан әкелінген кафельдер жабыстырылады. Шатыр бойынша 3,5 мың шаршы метр жұмыс көлемі бар. Қазіргі кезде ескі жабындылар шешіліп, жаңадан стяжка жасалып, екі қабатты жаңа жабындылар жасалады. 

Жөндеудің аяқталуын тағатсыздана күтіп жүргендердің қатарында шығармашылық үйірмелердің жетекшілері бар. Бүгінде мәдениет сарайының жанындағы 23 үйірменің жұмысы жанданды. Санитарлық талаптарға сай келушілер қатары 30 адамнан аспайды. 

Ольга Харитонова, Естай атындағы мәдениет сарайы сән театрының жетекшісі:

- Сахна - сарайымыздың жүрегі. Бұл жерде балаларымыз өнерлерін ортаға салады. Сондықтан, оның талапқа сай болуы біз үшін аса маңызды.

Мәдениет нысандарындағы жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталмақ. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болды.

Данияр Жұмаділов, облыстық мәдениет басқармасының ресми өкілі:

- Бұл құрылыс жұмыстарының барлығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бір ерекше атап өтерлігі, осы құрылыс жұмыстарына 636 уақытша және 36 тұрақты жұмыс орны құрылған. Бұл еңбек нарығына да үлкен көмек деп ойлаймын.

Құрылыс барысы қоғамдық белсенділер тарапынан қатаң бақыланады. Басты мақсат - мемлекет қаржысын дұрыс игеру. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы