431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда жұмысшы мамандарға сұраныс көп

  • 381
  • UPD: 22:04, 04.06.2020

Елордада «Жұмыспен қамтудың жол картасы» енгізілгелі бір айдан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бағдарлама аясында 2400-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Тіпті өзге аймақтардан келіп, жол салып, құрылысқа араласып жатқандар бар. Мамандардың айтуынша, әлі де 6000-нан аса жұмыс орны бос тұр.

Кенжебек Сансызбаев Шымкенттен келіп, бас қалада жол салып жатыр. 46 жастағы азамат өз жеріндегі «Жұмыспен қамту орталығына» барып, елордаға жолдама алған.

Кенжебек Сансызбаев, жұмысшы:

– Бұл жерде жататын жері өздерінен. Жатақханасы бар, тамақ өздерінен. Тек қана жұмыс істейсің. Қолайлы.

Нұр-Сұлтан қаласында құрылысшы, жүк көлігін жүргізуші, дәнекерлеуші, ұста сияқты жұмысшыларға сұраныс көп. Бір ғана жол құрылыс компаниясы орталықпен келісім жасап, 95 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Сергей Хуртин, учаске жетекшісі:

– Биыл карантинге байланысты жұмыс әдеттегіден кеш басталды. Қазір «Жұмыспен қамту орталығының» арқасында жұмысшылар алып, қарқынды еңбек етіп жатырмыз. Компанияда орталық ұсынған 80 адам бар. Тағы 15-ін алуды көздеп отырмыз. Орташа жалақы 170-250 мың теңге аралығында.

Бас шаһарда төтенше жағдайдан кейін әлеуметтік ахуалы қиындаған азаматтарды тұрақты тіркеуіне қарамастан жұмысқа орналастыру міндеті қойылған. Жыл басынан бері 4000 адам екі қолға бір күрек тапты. Оның 3000-ға жуығы – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының игілігін көргендер.

Алтынай Қозыбаева, «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының кеңесшісі:

– Төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты мемлекеттің қолдауымен жасалып жатқан «Жол картасы» ашылды. Сол «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 85 жоба енгізілді. Оның ішіндегі 2900 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күнде «Жұмыспен қамту» орталығы 2370 азаматты «Жол картасы» бойынша жұмысқа орналастырылды.

Қаладағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 15 мың маман керек. Оның тең жартысы «Жұмыспен қамту орталығынан келеді. Ал «Еңбек.кз» сайты арқылы өтініш берген 630 жұмыс берушіге 6600-ден аса жұмысшы қажет.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы