431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жасөспірім көпірден құлаған адамды құтқарып қалды

  • 333
  • UPD: 19:56, 04.06.2020
Алматы облысында жасөспірім көпірден құлаған адамды құтқарып қалды

Бала Мирас адам өмірін ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мирас Рүстемұлы ағыны қатты өзенге көпірден құлаған ер азаматты құтқарды. Жасөспірімнің батыл әрекетін ерлікке балаған ұстаздары мен тәртіп сақшылары оны өзге қатарластарына үлгі етіп, арнайы марапаттады.

Оқиға Талғар қаласында кешкі бестен кейін болған. Осы көпірден өтіп бара жатқан Мирас пен Нұр өзенге секірген адамды байқап қалады. Олар шұғыл шешім қабылдап, құлап бара жатқан адамды құтқаруға асығады. Үш күн бұрын өзен тасығандықтан, қарқыны қатты болған. Соған қарамастан, Мирас батылдық танытып, өмірмен қоштаспақ болған азаматты жағаға шығарып алды.

Мирас Бейсен, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанты:

– Қазір бұл өзен тартылған. Ол кезде тасып жатқан. Сол адамды құтқарып алғаннан кейін полиция қызметкерлері және жедел жәрдем қызметкерлері келді. Менде ол кезде қорқыныш болған жоқ.

Сол сәтте Мирас қасындағы досы Нұрға дереу полиция мен жедел жәрдемге хабарлас дейді. Оқыс жағдайда абдырап қалмай, шапшаң қимылдап, батылдық танытқан достардың арқасында көпірден құлаған адам аман қалды. Аяғы сынып, түрлі дене жарақатын алған. Қазір аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.

Нұр Әубәкір, Мирастың досы:

– Үрей болғанда, өзімнің ішімде адреналин сезімі болған соң, оны ойламайсың. Бауырым артынан кетіп қалған соң қарап тұрмайсың ғой.

Мирастың жасы 15-те. Өткен жылы «Арыстан» мамандандырылған лицейіне оқуға түскен. Суда шебер жүзеді. Оқуда озат. Бозбала батыр аталарын үлгі тұтады. Оның адамды құтқарғанын естіген оқу орынының ұстаздары алғысын айтты. Батыл қадамын ерлікке балады. Ал облыстық полиция департаментінің басшылары арнайы келіп марапаттады.

Сәбит Тауланов, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің директоры:

– Біріншіден, бұл отбасыдан алған тәрбиесі деп ойлаймын. Әке-шешесіне көп рақмет айтқымыз келеді. Бала жолдастар арасында өзінің орнын біледі. Болашақта әскери адам болғысы келеді.

Мирас пен Нұр бала кезден дос. Талғардың тау-тасын аралап, өзен-суына түсіп, шынығып өскен. Олар бұл әрекеттерін қиын жағдайға тап болған адамға қамқорлық пен көмек көрсету деп біледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы