433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы Қапланбек ауылының халқы жер астынан шығатын ыстық суды ішуге мәжбүр

  • 558
  • UPD: 22:08, 04.06.2020

Түркістан облысына қарасты Қапланбек ауылдық округінің халқы апта бойы ауыз сусыз күн кешіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күннің аптап ыстығында мұндай жағдай бірінші рет емес дейді тұрғындар. Себебі тіршілік нәрі елді мекенде толығымен шешімін таппаған.

Қапланбектегі мына су ағатын орынға халық таң атпастан жиналады. Күн сайын мұнда келгендер әуелі кезекке тұрады. Тұрғындар өздерімен бірге су алу үшін шелек және өзге үлкен ыдыстарын ала келеді. Дегенмен бұл жердегі краннан ағатын тіршілік нәрі – жер астынан шығатын ыстық су. Сапасы да сын көтермейді дейді ауыл тұрғындары.

Еркін Байжанов, ауыл тұрғыны:

– Уақытысында осы судың сынамасын Мәскеуге жіберген дейді. Ішуге жарамсыз екені анықталған. Амал жоқ, су болмағаннан кейін, осы суды ішіп келе жатырмыз. Негізінде мұның адамға зияны көп дейді.

Ауылға ертерек те таза ауызсу құбыры жүргізілгені мен есік алдынан тамшы да су ақпайтын көрінеді. Сондықтан амалсыз аптап ыстықта жер асты суын пайдалануға тура келеді дейді шөліркеп су іздеген халық.

Еркін Байжанов, ауыл тұрғыны:

– Бізге 110 теңгеден келеді. Басқа аудан-ауылда арзан. Бізден үш есе арзан сатылады оларға. Осы мәселені әкімшіліктегілерге қанша айтып жатырмыз.

Бұл жағдайдан Сарыағаш ауданының билік басындағы жауаптылары хабардар. Мамандар ауызсу мәселесі жуырда шешімін табады дегеннен ары аса алмады. Қапланбек тұрғындары алда таза ауыз судың азабын тартпайды деп сендірді.

Ерсейіт Бекбосынов, аудандық коммуналдық қызмет мекемесі бастығының орынбасары:

– Су қоймасында бір насос жұмыс жасаған. Жаздың кезінде халықтан суға сұраныс көп болады. Сол себептен бір насостың күші жетпей жатыр. Күрделі жөндеу жөндетіп, қосымша бір насос қойдық. Сол насос іске қосылып, бұдан былай тоқтамайды.

Уақытылы берілмеген ауыз суға неліктен қаражат төлейміз деген ауыл тұрғындарының сауалын коммуналдық қызметке жауапты мамандардан сұрадық. Әйтсе де сұраққа тұщымды жауап болмады. Ал қапланбектік тұрғындардың қашан таза суға қолы жететіндігі назарымыздан тыс қалмақ емес.

Авторлары: Рауль Ғабитов, Нұрбек Байбосын, Самат Нағашбекұлы, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы