432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде микроқаржылық ұйымдар мен ломбардтар қатаң бақылауға алынды

  • 373
  • UPD: 23:49, 04.06.2020

 

Олар 1 шілдеге дейін тіркеуден өтуі тиіс. Заңсыз жұмыс істеп жатқан 50 орталыққа қатысты іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Қазір қалтасы жұқарғанда онлайн несиеге жүгінетін азаматтар көп. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, интернетте қарызға ақша ұсынған жарнама көздің жауын алады. Мәселен, мен 60 мың теңге алатын болсам, оны 66500 қылып қайтаруым тиіс. Осылайша, қарызға белшесінен батып жатқандар қазір көп.

Гүлбақыт Мұхамеджанованың ұлы осыдан 2 жыл бұрын микроқаржы ұйымынан 2 млн 100 мың теңгеге көлік алған. Алайда келісімшартты темір тұлпарды алғаннан кейін жасаған. Сол кезде ол проценттің 3 есе өскенін байқайды.

Гүлбақыт Мұхамеджанова, жәбірленушінің анасы:

– Көлік 1 млн 900 мыңға бағаланған, ал микроқаржының пайыздарымен 2 млн 100 мың болған. Бірақ келісімшартта 5 млн 800 мыңды көрсетіп тұрды. 3 күннен кейін көлік жүрмей қалды. Орталыққа барып, көлікті қайтарамыз дегенде, енді сіздер осы сомманы төлейсіздер деді.

Заңгерлердің айтуынша, отандастарымыз шағын несие ұйымдарының шарттарын мұқият зерттемейді. Жалпы бүгінде қаржылық сауаты бар азаматтар аз. Тіпті өзінің атына алаяқтардың қалай несие рәсімдегенін білмей жүргендер де бар.

Сергей Уткин, заңгер:

– Онлайн несие беретін ұйымдар мұндай жағдайда сіздерге алаяқтарға алданып қалғансыз деп шығарып салады. Кейін сіз полицияға арызданып, олардың көмегіне жүгінесіз. Ал мұндай жағдайда жәбірленуші емес, банк полицияға жүгінуі тиіс. Олар сотқа беруі қажет. Егер іс бір жылға созылса, онда сот барлық процентті шегеруі тиіс.

Онлайн несие оңай емес. Десе де, қысыл таяң шақта қызметтің бұл түріне ойланбай жүгінетіндер өте көп.

БЛИЦ:

– Онлайн қарыз алу дұрыс емес. Естуімше, ол жердің проценттері көп дейді. Төлей алмай жатқан таныстарым бар.

– Мен қарызға қарсымын. Өмірімде бір рет ғана кредит алдым. Сол жеткілікті. Інілерім бар ақша алған. Көмек сұрайды.

– Проценттерге байланысты дұрыс емес. Сосын адамдар үйреніп кетсе, қайта-қайта алатын болады. Кейіннен уақытылы төлей алмауы мүмкін.

Микроқаржы ұйымдарының қызметі осы жылдан бастап қатаң бақылауға алынды. 1 қаңтардан бастап тиісті заңға жаңа түзетулер енді.

Рустам Габдулкафеев, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінінің өңірлік өкілдерінің басқарма басшысы:

– Егер қарыз 45 күнге дейінгі мерзімге берілсе және 50 АЕК мөлшерінен аспаса, онда сыйақының ең жоғары ставкасы осындай қарыз бойынша 30% аспауы тиіс. Бұл ретте микрокредит беру мөлшерін ұлғайтуға, микрокредит бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдерді енгізуге жол берілмейді. Қалған микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56% аспауы тиіс.

Мамандардың айтуынша, бірнеше ұйым жаңа ережелерге бағынғысы келмеген. Ресми түрде нарықта олардың саны 250-ге жетті, сонымен қатар 263 ломбард пен 21 кредиттік серіктестік тіркелген. Кем дегенде 50 ұйым заңсыз жұмыс істейді.

Қазір тексеріс жүріп жатыр дейді.

Рустам Габдулкафеев, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінінің өңірлік өкілдерінің басқарма басшысы:

– Жаңа заң күшіне енгеннен кейін жыл басынан бері бірқатар заңбұзушылық тіркелді. Агенттік заңсыз ұйымды тізілімнен шығаруға дейін өз санкцияларын қолдануға құқылы. Мұндай жағдайда ұйым нарыққа қайтып келе алмайды.

Осы орайда Мемлекет басшысы азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында банктік емес кредит ұйымдарын бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал келесі жылдан бастап микроқаржы ұйымдарына лицензия беру жүйесі енгізіледі.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы