422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда коммуналдық жағажайлар ашылады

  • 441
  • UPD: 10:33, 05.06.2020
Оралда коммуналдық жағажайлар ашылады

Жайық, Деркөл, Шаған өзендерінің құйылысында орналасқан Орал қаласында бірде-бір тегін жағажай жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақылы орындарға баруды қалтасы көтермегендер амал жоқ рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға мәжбүр. Ондай орындарда қайғылы оқиғалар да жиі кездеседі. Бұл мәселені біздің арна өткен жылы көтерген еді. Осы олқылықтың орны биыл толмақшы. Таяу уақытта қалада екі коммуналдық жағажай ашылады деген жоспар бар.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- 2015 жылғы «Судағы қауіпсіздік ережесіне»  сәйкес шомылу орындарын анықтау атқарушы органдарға жүктелген. Бұйрыққа сай өңірде биыл осындай 69 орын белгіленіпті. Арнайы жабдықталған 9 жағажай бар. Құтқарушылар күні бүгін соның үшеуінің түбін зерттеп, қауіпсіздігін тексеріпті.

Бекжан Айтқалиев, құтқарушы:

- Неше түрлі нәрселер шығады. Көбіне қоқыстар, дөңгелектер, әне көргеніңіздей, баклажкалар, адамдардың очкилері де болуы мүмкін. Құрылыс материалдары. «Жабайы» жағажайда бұдан да жаман ғой, қоқыстар мынадан екі-үш есе көп болады. Тастар болады. Сол себептен адамдар суға батып жатыр.

Оқыс оқиғалардың тағы бір себебі, балалардың қараусыз жүруі мен ішімдіктің кесірі. Жыл сайынғы қайғылы статистика осыны айғақтайды. Арнайы рейд барысында қауіпсіздік шаралары тұрғындарға түсіндіріледі.

Нұралы Мусиев, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

- Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 440-бабы боойынша қоғамдық жерде ішімдік ішу бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар халық арасында бұл жерде баяғыдан суға түсеміз, жүзу білеміз деген негіздемелер айтылып жатады. Дегенмен де, суға түскен адамдардың 70-80%-і жүзу білетін адамдар. Білсін-білмесін, бұл адамға көмектеспейді.

Жан-жағы 3 өзенмен қоршалған Оралда тегін жағажай жоқ. Ақылы орындарды қалтасы көтермегендер рұқсат етілмеген жерден шомылатын. Енді осы олқылықтың орны толады. Шаһардың «Курени» деп аталатын бөлігінде және қалалық мәдениет демалыс саябағында коммуналдық жағажай  ашылмақшы. Қазір құм төгіліп, қоршалып, тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

Медет Оңдағанов, қалалық саябақ директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда қалалық демалыс саябағына халыққа тиімді қылып, қызмет етіп жатырмыз. Қазіргі таңда алдағы тағы жоспарымыз, өзіміздің биотуалет дейміз, соны осы су жағасының айналасына орналастыру жоспарлап жатырмыз.

Ақылы жағажайлар да күннің ысуымен өз жұмыстарын бастаған. Бірақ биылғы шектеу шараларынан шығар кісі қарасы көп емес. Әрі талапқа сай демалушылар саны 30-дан аспауы тиіс.

Людмила Щербатова, кәсіпкер:

- Біз алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіспіз. Суға түскенде немесе өз отбасымен бірге отырса, бетперде тағу міндетті емес, бірақ былай-былай жүргенде, бірнәрсе сатып алуға келгенде міндетті түрде маска тағуы қажет. Әрі адамдардың арасы 2 метрден жақындамауы керек. Демалушылардың қарсы боларын да білемін. Бірақ қауіпсіздік қағидаты баршаға ортақ.

Өткен жылы өңірде 29 адам суға батып кетсе, 8-і балалар екен. Қазіргі қолға алынған қауіпсіздік шаралары осы қайғылы статистиканы азайтуға сеп болары сөзсіз.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы