410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда салалық тақырыпта жазатын журналистер жетіспейді

  • 228
  • UPD: 20:18, 05.06.2020

Қазақстанда салалық журналистика дамитын болды. Қазір елде экономика, медицина, қаржы сынды күрделі тақырыптарда жазатын журналистер жетіспейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. Жиында тағы қандай мәселелер қаралды?

Бұл бір жалықтырмайтын жиын болды. Дөңгелек үстел басына жиналғандар да, алыстан онлайн қосылғандар да бар ойын ашық айтып, нақты ұсынысын жеткізді. Жаңа министр тыңдады. Тың идеяларды түртіп алды. Сын да айтылды. Оны да қабылдай білді. Қысқасы, «БАҚ саласында бұған дейін де қыруар жұмыс істелді, алда да атқарылады» деген министр кадр мәселесін көп айтты. Жасампаз жол іздеп, деңгейін бірлесе көтерейік деді.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Біз тек адам емес, қоғам тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ең бастысы, біздің материалдарымызда, ағымдағы ақпаратпен қатар елдің өркендеуіне, ойдың кемелденуіне, адамның рухани дүниесін дұрыс дүниемен толтыруға атсалысуымыз керек.

Қалай атсалысамыз? Ол үшін журналист өз ісінің маманы болуы керек. Әйтпесе «сапасыз, мардымсыз, тіпті кейде жалған ақпарат тарауы мүмкін» дейді жиналағандар. Халықаралық журналистиканың дамуына да көңіл бөлу керек. Көрші елдің жазғанын, яғни өзгенің ойын оқырманға тықпалайтын тілші емес, сараптап өзі жазатын журналист керек.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілсінің депутаты:

- Мысалы, коронавирусқа байланысты осындай жағдай орын алды емес пе? Бұл біріншіден, тиісті ғалымдардың, білікті мамандардың, дәрігерлердің жетіспеушілігінен болса, екіншіден, елімізде салалық журналистиканың кенжелеп қалғандығының көрінісі. Жекелеген азаматтардың интернеттегі арандатушылық пиғылы.

Журналист, сенатор Дана Нұржігіттің айтуынша, журналистикада сөзін қоғам тыңдайтын тұлға тәрбиелеу керек. Ал ол белгілі бір салада машықтанып, сол саладағы кез келген тақырыпты сауатты көтере алатын маман болғаны дұрыс. Әйтпесе әр проблеманың басын бір шалған тілші халыққа толық ақпарат бере алмауы мүмкін.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Солардың жаңалықтарын айтуға. Белгілі бір журналист машықтанып, өз баласындай болуы керек. Өз саласының бір дәнекері. Қоғам мен министрлік арасында, сала арасында сондай дәнекердің жоқтығын біз медицина саласын алайық, білім саласын алайық, қоғам қазір кімді тыңдарын білмей дал болып отыр.

Бұл ұсыныстарды министр де қолдап отыр. Ол үшін Ұлттық жоспар аясында құрылатын мультимедиалық білім беру тұғырнамасының ролін баса айтты. Жас мамандарға арналған гранттық бағдарламаларды ерекше атады. Оны әзірлеуге журналистика және білім беру саласының жетекші сарапшы-мамандары тартылады. Жиында мемлекеттік тапсырыс пен жарнама жайы көтерілді.

Қанат Сахария, «Атамекен бизнес» медиахолдингінің директоры:

- Мемлекетті ақпараттық тапсырыс TNS Central Asia медиакомпаниясының медиаөлшемдеріне назар аударады. Ол жеке компания. Ел бойынша 2800 адамды жинап алып, қазақстандық телеарналардың рейтингін анықтай салады. Бұл 10 жыл бұрынғы әдіс. Қазір кез келген адам қажетті бағдарламаны жүктеп алып, қарай алады. Яғни қай арнаны, қанша уақыт көргенін білуге болады. Біз мұны пайдаланбаймыз. Салдарынан 2800 адам мемлекеттік тапсырыс пен жарнама нарығының тағдырын шешіп отыр.  

Ал тәжірибелі маман Нұртілеу Иманғалиұлы телеиндустрияны дамыту үшін ғылыми орталық қажеттігін айтты. Бұл кәсіби мамандардың пікірі. Жиынға қатысқан ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері болса, сериалдар мен фильмдердің сапасын арттыру, балаларға арналған тұшымды хабарлар түсіру және тіл тазалығына қатысты мәселелерді көтерді. Ұсыныс аз болмады. Жазушы Төлен Әбдік қыруар істі тындыру үшін журналистке еркіндік керектігін айтты. Иә, қоғамның маңызды бөлігі - бұқаралық ақпарат құралдарына демократияның қажеттігі сөзсіз. Жалтақтамай айта алатын журналист ғана қоғамды өзгертуге үлес қоса алады.

Төлен Әбдік, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы:

- Журналистикада еркіндік керек. Қалам ұстаған қауымға одан басқа ештеңенің керегі де жоқ. Президент демократияны дамытуға баса мән беріп жатыр ғой. Қоғамның маңызды бөлігі ретінде БАҚ-қа да демократия қажет. Томас Манның «Театр халықты ұлтқа айналдырады» деген сөзі бар. Мұны журналистикаға қатысты да осылай айтуға болады. БАҚ – қоғамды өзгерте алатын құрал. Ал оның еркіндігі болмаса, қоғамды өзгертпек түгілі қара басын алып жүруі қиын болуы мүмкін.  

Әлемдік пандемияға байланысты онлайн өткен жиында барлық тараптың пікірі тыңдалды. Індет демекші, саланың су жаңа министрі күрделі кезеңде аянбай еңбек еткен БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Қиын-қыстау тұста біздің журналистеріміз де дәрігерлер мен полицейлер және әскерилермен қатар өз азаматтық позицияларынан айнымай, қауіптің алғашқы шебінде жүрді. Халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Жасыратыны жоқ журналистерге қосымша қауіпсіздік шаралары жасалмаса да тілшілер қауымы мен қаншама техникалық қызметкерлер өз кәсібіне адал еңбек етті. 

Тек алғыс айтып қоймады. Осы қиын кезеңде қандай көмек көрсетілетінін жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Коммерциялық телерадиоарналардың аналогтық және эфирлік хабар тарату қызметтері үшін ақы төлеу бойынша қолдау ұсынылады. Бұл шара телеарадиокомпаниялар қарыздарын жауып, коммерциялық арналардың хабар таратуын сақтауға және шекара маңындағы ауылдарда хабар таратуға мүмкіндік береді. 

Үстел басында көп нәрсе айтылды. Бұл басы ғана. Ақпарат және қоғамдық даму министрі мұндай жиынның жиі өтетінін айтты. Әр кезде нақты бір тақырыпты таңдап, соны бүге-шүгесіне дейін талдауға дайын. Айтпақшы, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті биліктің ықпалында болып, тек шенеуніктердің имиджі үшін жұмыс істемеуі үшін министрлік тарапынан нақты шаралар қабылдау жоспары бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы