420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде үздік ауыл әкімі анықталып жатыр

  • 318
  • UPD: 23:36, 06.06.2020

Тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық байқауға бірнеше елді мекен басшысы қатысуға келісім берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірімен арна тілшісі тілдесіп қайтты.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жандгер Есмұхамбетов – үздік ауыл әкімін анықтауға бағытталған байқауда бақ сынап көруге бел буған. Өзінің айтуынша, бұның еш ағаттығы жоқ әрі Жайсаң селолық округін басқарған жеті жылда атқарған қызметі жерлестерінің көз алдында. Бүгінгі күнге шейін ауылдың әлеуметтік саладағы мәселесі шешіліп, орталықтандырылған су, газ желісі жеткен. Шаруа қожалықтары көбейіп, қызмет көрсету нысандарының дамуы тұрақты қарқын алыпты.

Жандгер Есмұхамбетов, Жайсаң ауылдық округінің әкімі:

- Таңертең мектептің, балабақшаның алды толған машина. Ең бірінші бізге қалғанын қоя тұрғанда жол керек. Жолдардың бәрін дұрыстауымыз керек. Сосын түнгі мезгілдерде көшелерді жарықтандыру. Биылғы жобаларымыз да бар. Биыл екі көшені жарықтандырсақ, сосын қалған шамдарды бөтен көшелерге көшіреміз деген жоспарларымыз бар.

Сайысқа түскен әкімді ауылдастары қолдауға дайын. Тек вирусқа байланысты енгізілген шектеу шараларынан кейін кәсіпкерлік саласының тез жанданып, тұрақты жұмыс жүрсе деген тілектері бар.

Нина Чекинева, Жайсаң ауылының тұрғыны:

- Әкіміміз еңбекқор. Округке қарасты үш ауылда да біраз іс атқарылды. Сондықтан да байқауға қатысуға лайық деп ойлаймын. Жалпы басшының еңбегін бағалау дұрыс деп ойлаймын.

«Үздік ауыл әкімі» байқауы екі кезең бойынша өтпек. Өңірлік деңгейдегі сатысына әр ауданнан үш әкім қатыстырылып, оларға бірнеше талап қойылады. Атап айтқанда, өз жұмысы туралы эссе жазып, кейін әңгімелесуден өтеді. Ең басты шарт – облыс әкімдігінің ресми сайтында тұрғындардан жоғары дауыс жинау. Үздік шыққандары республикалық кезеңге өтеді.

Мирамкүл Бибітова, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

- Халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастыру және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асыру мақсатында бізде осы жылдың 25 мамырынан бастап «Үздік ауыл әкімі» байқауы бастау алды. Бұл конкурсқа ауыл әкімі лауазымында кемінде бір жыл еңбек өтілі бар және алынбаған әкімдік немесе тәртіптік жазалары жоқ әкімдер қатыса алады.

Байқауда қанша әкімнің бақ сынайтыны әзірге белгісіз. Өтініштер қабылдау маусымның орта шеніне шейін жүрмек. Бірақ республика аумағын қамтитын шараны қыркүйекте қорытындылау жоспарланған. Нәтижесінде жеңімпаз атанған ауыл әкіміне елді мекенін дамытуға бағытталған жобасын іске асыруға бюджеттен қаржы бөлінбек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы