412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік жұмыскерлер мердігер компаниядан бірнеше айлық жалақысын ала алмай жүр

  • 158
  • UPD: 15:34, 07.06.2020

Бір топ семейлік тұрғын бірнеше айдан бері табанақы, маңдай терімен тапқан жалақыларын ала алмай әуреге түсті. «Ұшақтар» шағын ауданына кәріз жүйесін тартумен айналысқан мердігер мекеме 30 шақты маманға 20 миллион теңге берешек.

Жұмысшылар «Ралли С» компаниясының жауапсыздығы жөнінде прокуратура, еңбек инспекциясы, сот орындаушыларға арыз жазғанымен әзірге одан қайыр болмай тұр. Есесі кетіп жүргендердің ішінде мүгедек жандар да бар.

Гүлсім Сәдуақасова «Ралли С» компаниясында күзетші болып еңбек еткен Сергей Калимулиннің келіні әрі сенімді өкілі. Айтуынша, мердігер мекеме алғашқы айларда жалақыны тұрақты берген, кейін тек 10-15 мың теңгеден есептесе бастапты. Ал соңғы 8 айда ақша беру мүлдем тоқтаған. 

Гүлсім Сәдуақасова, арызданушының сенімді өкілі: 

- Барлық инстанцияға бардық міне прокуратураға бардым. Прокуратура еңбек бөлімі басқармасына жіберді. Олар қарап, иә сіздерге қарыз, бәрін тексердік, сотқа жүгініңіз дейді. Сотқа бардық, соттай айтады иә дұрыс, төлеу керек бәрі документ дұрыс. Ол 2020-жылдан бастап осы іспен нотариустар айналысады дейді. Оларға барып звондаған кезде төтенше жағдай болып қалды да тоқтап қалды бәрі. Бірақ қағазымыз бәрі қолда. 

Сергей Калимуллиннің бір көзі көрмейді, 3-топтағы мүгедек. Қақаған аязда жылуы жоқ дүңгіршекте жатып суық тигендіктен екінші көзіне де қауіп төніп тұр екен. Шұғыл операция жасау керек, ол ақылы. Дәрі-дәрмектері де қымбат дейді туыстары.

Гүлсім Сәдуақасова, арызданушының сенімді өкілі:  

- Сетчатка глаза воспаление пошло. Өйткені тоңып қалған, енді тіпті материалдық шығын өндіруге болушы еді. Оның бірін сұрап тұрған жоқпыз. Бар-жоғы өзі еңбекпен тапқан, қанмен, термен тапқан ақшасын берсінші. Жай емес, еміне керек. Соны қайтарып берсе, соны ғана сұраймыз. 8 айдың жалақысы 500 мың қарыз ол кісіге. Салихов Рамиз, сізден сұрайтыным, басқалар жұмыс істеп жүр. Мына кісі жұмыс та істей алмайды, уже көзсіз қалды. Соны жылатып шырылдатқан сізге дұрыс болмайды.

Бұл компанияға қатысты жалақы мәселесінен жергілікті еңбек инспекциясы да хабардар. Алайда шағын кәсіпорындарды тексеруге жарияланған мараторийге байланысты қолымыз қысқа болып отыр дейді мұндағылар. «Ралли С» компаниясының басшысына біз де бірнеше рет телефон соққанмен, байланысқа шықпады. 

Ерлан Ниетқабылов, қалалық еңбек заңнамасын бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 

- Еңбек берешегі бойынша анықталғаны 3 жарым миллион теңгедей құрайды жалпы сомасы. Тексерістің қортындысы бойынша аталған мекемеге еңбек инспекторларының нұсқаулары берілген заң бұзушылықты жою туралы. Сот орындаушылар бүгінгі күні жұмыс істеуде. «Ралли С» мекемесінде мүліктерінің жоқ болуы себептен оларда бүгінгі күні 50 данадай құбырлар бар екен. Соларды жеке сот орындаушылар бағалауда, оларды сатып өткізгеннен кейін еңбекақының берешегін жою айтылған.

Былтыр еңбек инспекциясына 700-ден астам шағым түссе, биыл жыл басынан бері 100 адам арыз жазыпты. Олардың басым көпшілігін осы жалақы мәселесі қинап отыр.  

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы