427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында түйе сүтін өңдеу зауытының құрылысы басталды

  • 612
  • UPD: 19:42, 07.06.2020

Арал ауданынан ашылатын кәсіпорында жылына 130 мың тонна құрғақ сүт өндіріледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адам ағзасына пайдасы мол ағарғанға шетелден сұраныс көп түседі. Сондықтан озық технологиялық желі бойынша өңделген өнім негізінен экспортқа шығарылады. Аймақта 50 мыңдай асыл тұқымды түйе өсіретін 10-нан аса шаруашылық бар. Сондықтан агромамандар шикізат жетіспеушілігі туындамайды деп санайды. Өңірлік индустрияландыру карасына енгізілген жоба құны бір жарым миллиард теңге шамасында. 150-дей адам жұмыспен қамтылатын зауыт құрылысы жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың күз мезгіліне дейін аяқталуы тиіс. Жалпы индустрияландырудың 2-бесжылдығы шеңберінде облыс бойынша 23 өндіріс ошағы пайда болады. Құны 550 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асырылса 6 жарым мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаралхан Ермаханов, жоба үйлестірушісі:

– Шалқар ауданының 9 ауылы, Қазалы ауданы, Бозой ауылы мен 25 елді мекенде сүт қабылдайтын сыйымды ыдыстар қойып шықтық. Барлығы бұрын түйелерін бос жіберген, жабайы кеткен түйелер. Соның бәрін қолға үйретіп, халық қуанып жатыр. Бәрі бірігіп, түйені саууға үйретіп жатыр. Зауыттың келешегі өте зор.

Хабар 24 телеарнасы