418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Еңбек» бағдарламасымен 5 306 елордалық жұмыспен қамтылады

  • 210
  • UPD: 17:49, 08.06.2020
«Еңбек» бағдарламасымен 5 306 елордалық жұмыспен қамтылады

Аталмыш бағдарлама аясында азаматтар жасы мен біліктілігіне қарамастан жұмыс таба алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Халықты жұмыспен қамтуды қолға алудың кешенді жоспары аясында «Еңбек» бағдарламасы арқылы 5 306 адам жұмыспен қамтылады, деді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіптік оқыту, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беру, шағын несиелеу бойынша кеңес беру бойынша жұмыс істеледі.

«5 маусымдағы жағдай бойынша, 209 адам жастар тәжірибесінен өтуде, қоғамдық жұмыстарға 1080 адам жұмысқа орналастырылды, әлеуметтік жұмыс орнына 70 адам жолданды. 64 мемлекеттік грант берілді. 2019 жылы 1137 адам кәсіптік оқуды аяқтады. 2020 жылы кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады, оқудың жоспарланған басталу мерзімі маусым айының соңы. Жыл басынан бері Халықты жұмыспен қамту орталығына шағын несиелеу бойынша кеңес алуға 65 адам өтініш білдірді. Оның ішінде 39 өтініш берушіге түсініктеме беріліп, 26-сы бойынша екінші деңгейлі банктерге шағын несие беруге жолдама берілді», – деді Б.Қабжанов. Кәсіптік оқыту жұмыс берушілер мәлімдеген біліктіліктер мен дағдылар бойынша жүргізіледі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік ерекшеліктері мен дағдыларына байланысты 6 айдан аспайды.

«Бүгінгі таңда 17 мамандық бекітілді: аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігінші-шебер,шаштараз шебері, бақылаушы кассир, анимация және видеографика, тәрбиешінің көмекшісі, жиһаз жинаушы, ағаш сырлау цехының шебері, арматуршы, монтажшы, газ жабдығын пайдалану және жөндеу слесарі, газ электр дәнекерлеуші, электрослесарь, жартылай автоматты машинада электр дәнекерлеуші. Қатысушылардың барлығы жұмыссыздар», – деді Қабжанов.

Өз кезегінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін өз ісін ашуды жоспарлап отырған азаматтарға тегін және қайтарымсыз негізде 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде арналған мемлекеттік гранттар беріледі. Қатысушылар – «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған жұмыссыздар, кәсіпкерлер мен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен, ҚР Салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеген тұлғалар. Грант алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес алып, барлық қажет құжатпен бірге өтініш беру керек. Жастар тәжірибесі алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған. Ұзақтығы 6 айдан аспайды. Қатысушылар - оқуды диплом алған күннен бастап 3 жылдан кеш емес аяқтағандар және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жастан аспаған жұмыссыздар. Еңбекақы мөлшері 89 570 тг. Қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіби даярлықты талап етпейді. Ұзақтығы 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Еңбекақы мөлшері 85 000 тенге (қолына 73 100 теңге). Әлеуметтік жұмыс орындары жалақыны субсидиялау арқылы жұмыссыздарға арналған жұмыс орындары. Еңбекақы мөлшері 50 мың теңгеден бастап 370 мың теңгеге дейін. ӘЖО жұмыссыздар үшін құрылады, олардың ішінде басымдық аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мүшелеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған азаматтарға беріледі. Жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға жұмыс берушілер де қатыса алады, қаржыландыру лимитін негізге ала отырып, жыл сайын 1 қарашаға дейінгі мерзімде Орталық жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары ұйымдастырылатын жұмыс берушілерден алдағы қаржы жылына өтінімдер жинауды жүзеге асырады. «Шағын несиелеу» бағыты және «Еңбек» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы кеңес беріп, жолдама ұсынады. Еске салайық, Нұр - Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарға және жұмыс берушілерге еңбек делдалдығы, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру тұрғысынан мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Сондай-ақ «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырады.

Хабар 24 телеарнасы