418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде жаз басынан бері үш бала терезеден құлады

  • 190
  • UPD: 20:50, 08.06.2020

Балаға бас-көз болу ата-анаға міндет. Ойын баласы ұшқалақ келеді. Әсіресе енді ғана аяқ басып, құлдыраңдап жүрген сәбилер бақылаусыз қалмағаны абзал.

Соңғы кездері көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетіп жатқандар бар. Шығыс Қазақстанда маусым айы басталғалы осындай 3 оқиға болған. 

Серік Бозанбаев түр-әлпетін көрсетуден бас тартты. Себебі, жас әке баласының терезеден құлап кете жаздағаны үшін ұялатынын айтады. Жаздың алғашқы күндері ек іжасар ұлы үйде қараусыз қалыпты. Сәбиді көршілері құлап бара жатқан сәтте ұстап алып, өмірін сақтапты. 

Серік Бозанбаев, қала тұрғыны:          

- Бұл мәселеге назар аударып көрмеппіз. Баламыз терезеден құлап кетуі мүмкін деген ой да келмепті. Осы жолы баламыз қараусыз қалып, құлап кете жаздады. Көршілерім болмаса, не етер едік? 

Алтай және Өскемен қалаларында өткен аптада үш бала терезеден құлап, барлығы жарақат алған. Мамандардың айтуынша, оқиғалардың болуына ересектердің жауапсыздығы себеп. Сонымен қатар терезелердегі қарапайым қорғаныс жүйелерінің болмауы да жағдайды күрделендіре түсуде. Бірақ, бұл мәселені шешуге де болады. Аймақта көпқабатты үйлердің терезелерін жабдықтайтын ұйымдар баршылық. Тек ата-аналар ниет білдірсе болғаны. Виктор Платухин бұл мәселемен айналысқанына 15 жыл болыпты. 

- Самая простая защита - это защита с тросиком, то есть если мы так вот закроем, то окно не открывается. 

Шебер терезелерді қауіпсіз жүйелермен жабдықтауға көмектеседі. Осындай құралдардың арзаны да, қымбаты да бар. Кез келген ата-ананың қалтасы көтереді. 

Виктор Плутахин, терезе жасаушы маман:

- Қайғылы оқиғалар тіркелсе болғаны, телефонымызда дамыл жоқ. Ата-аналар хабарласып, тапсырыс бере бастайды. қазіргі уақытта терезелерге осындай қорғаныс құралдарын орнатып жатырмыз. 

Қайғылы жағдайларды алдын алу мақсатында өңірдегі мектепке дейінгі мекемелердің ғимараттары түгелі тексерілмек. Балалар психологі Татьяна Сорокина балалардың құлауына қатысты деректерді ауа райының  қолайсыздығы немесе терезелермен байланыстырмайды. 

Татьяна Сорокина, балалар психологы:

- Ата-ана баласына назар аудармаса, сәби ересектерге ұнамайтын әрекеттерді жасауы мүмкін. Бала қандай да бір әрекеттерге бой алдырады. Терезеден құлап кетуге осындай жағдайлар да себеп. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін ата-аналарға балаларына көбірек уақыт бөлгені абзал. Қызығушылықтарын байқап, қолдау көрсеткендері жөн. 

Осы жылдың сәуір айында елімізде 8 бала терезеден құлап кеткен. Мамыр айында тағы алты дерек тіркелді. Ал маусым айында бұл тізім Шығыс Қазақстан облысындағы оқиғалармен толықты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы