429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кореядағы қазақстандық университетте ақылды жылыжай пайда болады

  • 334
  • UPD: 10:34, 09.06.2020

Коронавирус халықаралық ынтымақтастыққа кедергі емес.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Оңтүстік Кореяның ауылшаруашылық технологияларымен алмасу қоры бірлесіп жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ұйым басшылары құжатқа онлайн рәсім арқылы қол қойды. Келісімде Оңтүстік Кореяның жаңа технологияларын қолдана отырып, Алматыдағы Аграрлық университет аумағында «ақылды» жылыжай салу қарастырылған.

Владислав Цой, тілші:

– Бұл жарты гектарлық жылыжайдағы жұмысты тек екі адам атқарады. Олар піскен жемістерді жинаумен ғана айналысады. Ал суару, ауа температурасын қадағлаудың бәрі автоматтандырылған. Оны жылыжай иесі қашықтықтан қадағалайды.

Жылыжайдың еденіндегі құбырлар арқылы ыстық су ағады. Бұл температураны жоғарылатуға мүмкіндік береді. Құбырлар жеміс жинайтын арбаларға арналған рельстер ретінде де қызмет етеді. Төбедегі перделерінің де пайдасы көп. Мұның бәрін телефон арқылы арнайы қосымшамен басқарамын дейді Ким Ён Док.

Топырақтың орнына мұнда кокос жаңғағы қолданылады. Ал өсімдіктерге жай су емес, қоректік заттарға толы сұйықтық себіледі.

Ким Ён Док, жылыжай иесі:

– Қоректік заттар қате араласса, өсімдік ауырып қалады. Сондықтан бұл істе тек жоғары технологияларды пайдаланған жөн. Олар барлық затты автоматты түрде есептеп береді. Биыл мен қызанақты бір рет отырғыздым және жыл бойы тек егін жинаймын. Кірісіміз жылына болжаммен екі жүз елу мың доллар шамасында.

Дәл осындай жылыжайды Қазақ аграрлық университетінің аумағында ашу жоспарланған. Ол студенттер мен фермерлерді оқыту алаңына айналмақ.

Пак Чоль Ун, ауылшаруашылық технологияларымен алмасу және коммерцияландыру қорының президенті:

– Сіздердің елдегі ақылды жылыжай жобасын 2 жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қияр, қызанақ, құлпынай өсіретін боламыз. Естуімше, қазақстандықтар көкөністерге қарағанда етті көп жейді, ол өкінішке қарай орташа өмір сүру ұзақтығын 60 жылға дейін қысқартады. Менің ойымша, елдегі өмір сүру ұзақтығы көрсеткішін жақсарту үшін, ас талғамын көкөніс пен жеміс-жидекке ауыстырған жөн.

Корей ғалымдарының пікірінше, жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор серпін береді. Қазақстандық фермерлер ішкі нарықты көкөніс пен жемістермен қамтамасыз етіп қана қоймай, ақылды жылыжай өнімдерін көрші елдерге де жеткізе алады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы