426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс – Асқар Мамин

  • 402
  • UPD: 11:05, 09.06.2020
Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс – Асқар Мамин

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп және энергетика секторындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуал туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің дамуы туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов баяндады.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында ЖІӨ 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,7%-ға төмендеді, бұл пандемиядан туындаған әлемдегі және аймақтағы іскерлік белсенділіктің күрт құлдырауына, сондай-ақ шикізат пен капиталдың халықаралық нарықтарындағы тұрлаусыздыққа байланысты.

Сонымен қатар Үкімет қабылдап жатқан шаралар мен ұлттық экономикада жинақталған тұрақтылық ҚР экономикасының нақты секторының сенімді өсу қарқынын қамтамасыз етуге жол ашты. Тау-кен өнеркәсібінің көлемі 5,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,9%-ға, оның ішінде машина жасау 18,5%-ға, фармацевтика 21,2%-ға, жеңіл өнеркәсіп 10,8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру 12,3%-ға өсті. Құрылыс көлемі 5,9%-ға өсті, сауда балансының оң сальдосы қамтамасыз етілді.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,2%-ға өсті. Көктемгі егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды, олардың қорытындысы бойынша егіс алқабы 237,7 мың га артып, 22,5 млн га құрады.

Халықты жұмыспен қамтуды қолдау шаралары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Биыл жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша кешенді шаралармен ҚР 1,22 млн азаматы қамтылады.

Карантин режимін кезең-кезеңмен жеңілдету аясында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік серпінді түрде қалпына келтіріліп жатыр. Мәселен, мамыр айында сәуірмен салыстырғанда сауда (+28,3%), көлік секторында (+20,7%) және халыққа қызмет көрсету (+28,8%) саласында айтарлықтай өсім байқалды.

Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Сонымен қатар мамыр айында биылғы сәуір айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32%-ға артты. Оған қоса негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемінің өсімі 25,7%-ды құрады.

«Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономиканың дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау және осы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша біз қабылдаған шұғыл шаралар ықпал етуі тиіс», - деді А.Мамин.

Негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық өсу қарқыны Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарында қамтамасыз етілген, орташа республикалық мәндерге Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қол жеткізілді, кейбір көрсеткіштер бойынша республикалық деңгейден төмен өңірлер – Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Үкімет басшысы өңірлердің Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, отандық өндірісті барынша қолдау, инвестициялар тарту, экспортты ілгерілету, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін барлық  шараларды белсенді түрде қабылдау қажеттігін атап өтті. 

«Қазіргі жағдайда бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді жұмсау қажет. Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс», – деді А.Мамин.

Премьер-министр жарты жылдың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысының тиімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы