426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде дипломның шынайылығын тексеретін қызмет іске қосылады

  • 363
  • UPD: 15:04, 09.06.2020
Елімізде дипломның шынайылығын тексеретін қызмет іске қосылады

Елімізде дипломның шынайылығын тексеретін қызмет іске қосылады.

Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық даму министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.

«Менің жақында жариялаған жазбаларыма оқырмандар біршама қызықты ұсыныстары мен пікірлерін қалдырған екен. Бүгін солардың кейбіріне тоқталып өткім келеді. Жұмыс беруші дипломның түпнұсқасын онлайн тексере алуы үшін оны цифрлау ұсынылды. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Білім министрлігі қазір дипломдардың деректер базасын толықтырумен және өзекті етумен айналысуда. Дипломның түпнұсқасын тексеруге болатын сервисті осы жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр», - деді министр facebook парақшасында. 

Сонымен қатар тұрғындардың еңбекке жарамсыздық парағын е-форматқа және декреттік төлемдерді тағайындауды проактивті тәсілге көшіруді ұсынғанын айтып өтті.

«Біз бұл мәселені бұған дейін ведомствоаралық комиссияның отырыстарында көтердік. Жүкті әйелдердің ХҚКО-ға бармауы үшін оларға декреттік төлемдерді проактивті форматта тағайындауды ұсындық. Кеше Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әріптестерімізбен кездесіп, бұл қызмет түрін проактивті тәсілге көшіруді тездетуге келістік. Жақын уақытта нәтижесін айтамын», - деді ол.

Сонымен қатар құжаттарды апостильдеу мәселесі де көтерілген.

«Шетелдегі азаматтардан кейде апостиль басылған құжатты талап етіп жатады, ал ол тек Қазақстанда қағаз түрінде беріледі. Әділет министрлігінің құжаттарды онлайн режимде алуға мүмкіндік беретін е-апостильді әзірлеумен айналысып жатқанынан хабардармын. Әділет министрлігі е-апостильмен куәландыруға болатын алғашқы қызметтерді алдағы тамыз айында көрсете бастайды деп күтудеміз. ХҚКО-да қызметтерге төлемді банктік қосымшалар арқылы төлеуге келетін болсақ, қазір мемлекеттік баж салығын QR-код арқылы төлеуге болады. 3-ші тоқсанның соңына дейін басқа да қызмет түрлері үшін, соның ішінде жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін төлемді QR арқылы жүргізу мүмкіндігін іске қосуды тапсырдым», - деп атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы