432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері елімізде қылмыс 38%-ке азайған

  • 327
  • UPD: 18:25, 09.06.2020

Жыл басынан бері елімізде тіркелген қылмыс саны 38%-ке төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты жиі кездесетін заң бұзу деректері екі есе азайған. Бұл туралы бүгін өзінің есептік кездесуінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты. Жиында бұдан басқа қандай мәселелер көтерілді?

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Өткен жылдың қорытындысы мен алдағы жоспар жөнінде айтпас бұрын Ерлан Тұрғымбаев полиция жұмысының ашық сипатқа ие бола бастағанын айтты. Мәселен, облыстық департамент басшылары мен олардың орынбасарлары апта сайын қабылдау өткізеді. Тіпті министрдің өзі министрлік қабырғасында былтыр 326 азаматты қабылдапты. Ал жыл басынан бері 87 адам мәселесін сала басшысының өзіне айтуға мүмкіндік алыпты.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Халық сенімі – полиция жұмысының негізгі бағасы. Сол үшін ІІМ ақпараттық технологияларды енгізуде. Қағаз анықтамаларды жойып, барлық мемлекеттік қызметтерді электронды жүйеге көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, 2019 жылы 24 миллион қызмет көрсетілді. Бұл біріншіден, сыбайлас жемқорлықты жою, екіншіден, қарапайым азаматтардың уақытын үнемдейді. Үшіншіден, электронды үкімет арқылы мәселелерді үйден шықпай-ақ шешуге болады.

Жыл басынан бері елімізде қылмыс 38%-ке азайыпты. Әсіресе, тонау, ұрлық, бұзақылық бойынша көрсеткіштер екі есе төмендеген. Есесіне, карантин кезеңінде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 25%-ке көбейген. Алайда, 10 жәбірленушінің екеуі ғана полицияға арызданады екен. «Төтенше жағдай кезінде белең алған қылмыстың тағы бір түрі – интернет алаяқтықтық», деді минстр. Соңғы бірнеше айда елімізде мұндай 4200 қылмыс тіркеліпті.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Технология дамыған сайын алаяқтық пен ұрлықтың түрлері көбейіп жатыр. Адамдарды алдап, олардың бағалы заттарын тонау үшін түрлі амалдар ойлап табуда. Технологиялық, ақпараттық қылмыстармен күресу үшін полиция IT мамандарын тартып, ұрлық пен алаяқтықты болдырмау үшін күш салып жатыр.

Елде жарияланған төтенше жағдай режимінде 50 мың полиция қызметкері өз міндетін атқарды. Олар 400 тосқауыл бекетіндегі және 200 санитарлық нысандардағы тәртіпті қадағалады. Бұдан бөлек, сақшылар стратегиялық маңызды ғимараттардағы қауіпсіздікке жауапты болды. Өзінің есептік кездесуінде Ерлан Тұрғымбаев оларға алғыс айтып, еңбегін атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы