420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы қонақ үйлер мен дәмханалардың дені карантин тәртібін орындамайды

  • 420
  • UPD: 20:11, 09.06.2020

Тіпті қарапайым гигиеналық талаптарға жүрдім-бардым қарайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен түнде жүргізілген рейд осыны аңғартты. Облыстың бас санитар дәрігері бастап, әкімшілік, полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері шаһардағы бірқатар мекемені аралап, біраз былықтың бетін ашты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл – қала орталығында орналасқан «Бек» кафесі. Түнгі сағат 23:00-дегі жағдай. Кафе ішінде бос орын жоқ. «Әр үстелдің басында 4 адамнан, жалпы жиыны 20-дан аспау керек», деген талапты мұндағы келушілер де, кафе қожайыны да білмейтін сияқты. Өйткені мониторингтік топ мүшелері келгеннен кейін де ешкім сасқан жоқ. Қайта «камераға түсірмеңдер», деп сес көрсетті.

Кәсіпкердің жайбарақаттығына қарап келушілер де босаңсып кеткен сияқты көріні бізге. Өйткені полиция қызметкерлеріне емін-еркін отырған көпті орнынан қозғау қиынға соқты. Арнайы топ жеке-жеке ескерткеннен кейін ғана тұтынушылар орындарынан асықпай тұрып тарқасты. Ал, кафе қожайынының үстінен хаттама толтырылды.

Азамат Бадамбаев, қалалық ЖПҚ рота командирінің орынбасары:

Барлығына ескерту жұмыстары тоқтаған жоқ. Ескерту жұмыстары жүріп тұрды. Әлі де құлақ аспай, жұмыс істеп тұрғандар бар. Сол себепті бүгін нақтылап хаттамаларды толтырып жатырмыз.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ал, мынау – қаланың қақ ортасында орналасқан «Наурыз» дәмханасы. Мұндағылар рейд жүріп жатқанын естіп, бірден жарықты сөндіргенімен, келушілерді түгелдей тұрғызып үлгермеді. Тексеріс барысында қараңғы бөлмеде отырғандар анықталды. Ескертуді елемей, тәртіпке бағынбаған кәсіпкердің үстінен хаттама толтырылды. Айтып өтейік, карантин режимі енгізілгелі бері тек Түркістан қаласының өзінде 130-дан астам кәсіпкерге қатысты айыппұл салынған.

Жәнібек Наушабай, қала әкімі аппаратының басшысы:

- Ең көп сақталмайтын талаптың бірі – ол әлеуметтік арақашықтықты сақтамау. Масканы кимеу, одан кейін СЭС тарапынан қойылған уақыттан аса отырып қызмет көрсету талаптары көп бұзылады.

Бас санитар дәрігердің бұйрығына сәйкес жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысан жұмысшыларының барлығы санитарлық талапты орындауы тиіс. Ол үшін бір азамат жауапты ретінде бекітіліп, жұмысшылар келгенде дене қызуын өлшеп, маска кигізіп, бір реттік қолғап киюін қадағалап тұруы керек. Алайда, Түркістандағы «Эдем» қонақ үй кешенінде бұл талаптардың бірде-бірі орындалмаған.

Алдарқұл Ахметов, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудепартаменті басшының орынбасары:

- «Эдем» қонақ үйінде адамдардың кальян шегіп отырғаны анықталды. Оған елімізде рұқсат жоқ. Одан кейін мынау қонақ үйдегі ресепшнде маман қолғапсыз, маскасыз жұмыс істеуде. Сонымен қатар бұл жерде дезинфекциялық шаралар сақталмайды.

Жауапсыздығы үшін аталған қонақ үй иелеріне де хаттама толтырылды. Енді сот шешімімен шара қолданылады. Бұл жолы тек кәсіпкерлерге ғана жауапқа тартылса, алдағы уақытта жеке азаматтарға да айыппұл салынады. Айта кетейік, заңда карантин талаптарын ордамаған азаматтарға 5 АЕК көлемінде айппұл салу қарастырылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы