420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шағын шаруашылықтарды кешенді фермаға айналдыратын кез келді

  • 277
  • UPD: 22:15, 09.06.2020

Мыңғыртып мал айдағаннан не пайда, одан алған өнім өтпей жатса?!

Ауылдағы ағайынның алдындағы аша-тұяққа өріс тауып беруі де қиындап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау облысының Қызылқоға ауданы бірыңғай мал шаруашылығына маманданған. Жері шұрайлы. Мұндағы 330 шаруашылықта 32 бас мың сиыр, 160 мыңнан астам қой мен 20 мыңға тарта жылқы бар. Жұрт мал басын көбейтуге бейіл, бірақ қордаланып тұрған мәселелері көп. 

«Құрман» шаруашылығы өз өнімдерімен Қызылқоға ауданына ғана емес облысқа жақсы танымал. Мұнда қазір 600-ден астам мүйізді ірі қара мен 2 мыңдай қой бар. Жылқы мен түйе қосалқы шаруашылық есебінде өсірілуде. Былтыр арнайы әкелінген мына авердино-ангус тұқымды торпақтар қазір өсіп, төлдей бастаған. Суық жаққа бейімделген түлік жаңа орынды жатырқамапты. Тек өріс тапшы. Оларды көп сиырға қосып бағуға болмайды екен. Ал, жеке ұстауға жер тарлық етіп тұр.

Құрманбек Аманғалиұлы, «Құрман» ШҚ жетекшісі:

Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Тек бізде тек жер мәселесі жетіспей тұр. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Жылқы бар, түйелеріміз бар, қойымыз бар, жер жетіспей жатыр кішкене. Қазір қай шаруашалыққа барсаңыз да осы бір мәселе.

Аудандағы шаруашылықтардың аяғына тұсау болып тұрған түйткіл мәселе  тек бұл емес. Қазір мыңғырған төрт түліктің өнімін ұқсату қиындап кеткен. Малшы, сауыншы шықпайды. Сосын сүт сауылмай, жүн қырқылмай шаруаның есіл еңбегі желге ұшып жатқан жәйі бар.

Марат Төлеуов, «Думан» ШҚ жетекшісі:

- Малшы жоқ, сауыншы жоқ. Қазір енді 60-тың үстінде бұзау сиырға ілесіп жүр. Оны сауатын ауылдан келіп басқалай адамдардың реті шықпай тұр. Жүн мәселесі де өте қиын болып тұр. Жүн өтпейді, қырқып аламыз да, құдықтарға салып көмеміз. Жүнді тапсыратын жеріміз жоқ. Ешкім алмайды

Өңдеу өнеркәсібі дамымағасын, мал басын көбейтуге құлшыныс жоқ. Сондай-ақ жайылым мен шабындық тапшылығы тағы бар. Бар үміт, Ресейден қайтарып алынған «Тайсойған» полигонында. Бүгінде аудан иелігіне берілген 624 мың гектар жер біртіндеп беріле бастаған.

Жәнібек Тұрдағалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұрын отырған қыстақтарын заңдастыра алмаған 33 жеке тұлғаға шаруа қожалығын құрғызу арқылы жерлерін заңдастырып бердік. Оның сыртында 44 шаруа қожалығына Тайойған полигонынан жаңадан жер бердік. Бұл жұмыстар  әлі де жалғасуда.

Жалпы Қызылқоға өңіріндегі шаруашылықтардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мемлекеттен жеңілдетілдген несие алып жұмыс істеп келеді. Ол қарыздың қайтарымы бар. Егер өнім өтпесе, қаражат қайдан құралады? Қазіргі кәсіп жаздай баққан малын күз семіртіп, аяқтай сатумен ғана шектелуде. Сондықтан өңдеу өнеркәсібін қолға алу кезек күттірмейтін іс. Ол үшін шаруашылықтарды біріктіріп, кешенді ет-сүт фермаларын құру қажет.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы