430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында он жылға созылған су құбырының құрылысы аяқталды

  • 352
  • UPD: 21:30, 10.06.2020

Ауызсудың жыры Ертіс жұртын да шаршатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Май ауданында су тарату құбырының құрылысы он жылға созылып, әйтеуір аяқталды. Енді аз күнде ауыз су ауылдарға беріле бастайды. Орталықтандырылған су жүйесіне 14 елді мекен қосылады. Бұл сапалы тіршілік нәрі 11 мың адамға қолжетімді болады деген сөз.

Осы күнге дейін Май топтық су құбыры өңірдегі сақалды құрылыстардың қатарында болды. Жергілікті билік осынау маңызды жобаны 2010 жылы бастаған болатын. Кейін жауапсыз мердігерлердің кесірінен жоспар іске аспай қалды. Жеті жылдан кейін ғана тұралап қалған ірі құрылыс қайта жанданып ұзындығы 140 шақырымдық магистралды желі тартылды. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Жобаны тағы да тоқтатуға тура келген. Бұған құбырлардың бірнеше жерден жарылуы себеп болыпты.

Арман Оспанов, Май топтық су құбырының телім басшысы:

– Су жіберіп, құбырларды жудық. Қысымын тексергеннен кейін желтоқсан айында қайтадан тоқтатып қойдық. Мамырдың 25-нен бастап Көктөбе ауылына дейін құбырлардың қысымы толық тексерілді. Бұл 25 шақырым. Енді су Жұмыскер ауылына жетеді. Үшінші кезекте Ақжар ауылы тұр. Біз осы айдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтаймыз.

Өткен жылы жергілікті атқарушы билік су құбырларын ауыл ішіне тарта бастады. Бүгінде 14 ауылда су жүретін құбырлар тұрғын үйлердің іргесіне дейін жеткізілген.

Қайролла Елеукенов, Май ауданы нақты экономика секторы бөлімінің жетекшісі

– Қазір бүкіл ауылдарда іске қосу, жөндеу жүріп жатыр. Біз магистральді топтық су құбырынан су аламыз. Енді қазір соны тосып отырмыз. Біз өзімізде ішкі су өткізу бойынша 14 ауылда су алуға дайынбыз.Бірінші кезең бойынша 524 абонент өткізілді. Қазір магистралда да, бізде де қысымды тексеру, іске қосу, жөндеу жүріп жатыр.

Енді жеткізілген құбырдан келетін суды үй ішіне тартып кіргізу – үй иелерінің жұмысы. Көктөбе ауылының тұрғыны Семён Начаров бұл іске бірден кірісіпті. Құбырды үйіне өткізіп алған ол енді судың келуін тағатсыздана күтіп жүр.

Орталық су жүйесі ауыл тұрғындарының өміріне оң өзгеріс әкелмек. Алға қойған жоспарлары аз емес. 

Семён Начаров, Көктөбе ауылының тұрғыны:

– Үйде судың болғаны жақсы ғой. Ыдыс жуып, кір жусаң да қолайлы. Келешекте жуынатын бөлме мен дәретхана салып аламын. Су жылытқыш құрылғы орнатамын. Бәрі қолымнан келеді. Тек су берсе болды.

Май ауданының орталығы Көктөбе ауылы қазір қарқынды құрылыс алаңына айналған. Су жүйесімен қатар жолдарға  жөндеу жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы